Ресейге кіруге енгізілген шектеулер жеңілдетілді

17:44, 18 қазан 2021

© Сурет: zakon.kz

Ресейде коронавирусқа байланысты шетелдіктердің елге кіруіне енгізілген шектеулер жеңілдетілді, деп хабарлайды zakon.kz.

Ресей Федерациясының аумағына кіруге "антиковидтік" тыйым бұдан былай Ресей Федерациясының аумағында тұрақты тұратын (яғни Ресейде тұруға рұқсаты бар) шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың отбасы мүшелеріне қолданылмайды. Отбасы мүшелеріне жұбайлары, ата-аналары, балалары, туған аға-інілері мен туған апа-сіңлілері, аталары, әжелері, немерелері, асырап алушылар, асырап алынғандар, қорғаншылар мен қамқоршылар жатады, дейді Ресей СІМ Консулдық басқармасы

Басқарма "Бұл адамдардың Ресей Федерациясының аумағына кіруі олардың туыстық дәрежесін растайтын құжаттың көшірмесін (неке туралы куәлік, туу туралы куәлік және т.б.) немесе қамқоршылық көрсеткен кезде мүмкін болады" деп түсіндірді.

Егер басқа мемлекет пен Ресей Федерациясының арасында визасыз сапарлар туралы келісім болмаса, шақырушы адам (бұл жағдайда Ресей Федерациясында тұрақты тұратын шетелдік) Ресей Ішкі істер министрлігіне жүгіну керек, бұл Ресей консулдық мекемесінің туысына қарапайым жеке виза беруге негіз болады.

Бұған дейін Ресей Федерациясына тек Ресей азаматтарының отбасы мүшелері ғана кіре алатын.

Дайана Тоқберген


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!