Өзбекстанда сайлау қарсаңында белсенділерге қысым күшейді

16:40, 19 қазан 2021

© Сурет: Максим Золотухин / zakon.kz

Өзбекстанда президент сайлауына дейін санаулы күндер қалды, ал саяси оппозиция мен азаматтық қоғам белсенділері қысым көріп жатқанын мәлімдеп отыр. Билік оларға бақылау орнатып, қысым жасаудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолданып жүр, дейді centralasian.org.

Өзбекстан үкіметі оппозиция белсенділерінің тәуелсіз саяси партияларды президент сайлауы қарсаңында тіркеу әрекеттеріне кедергі жасады, ал бастама көтерген топтардың жетекшілері қысым мен шабуылға ұшырады.

Биыл маусым айында Өзбекстанның әділет министрлігі тәуелсіз "Хакикат ва тараккиёт" партиясын тіркеуден бас тартты. "Эрк" демократиялық партиясы да биліктің қысымы салдарынан жұмысын қайта жүргізе алмады.

Билік саясатын қолдайтын бес партиядан тіркелген кандидаттардың өкілдері 19 қазанда мемлекеттік телеарнада дебатқа түседі. Олардың арасында Өзбекстан либерал-демократиялық партиясы атынан ұсынылған Шавкат Мирзияевтің де өкілі бар. Орталық сайлау комиссиясы дебатқа кандидаттардың өздері емес, олардың сенімді өкілдері қатысатынын түсіндірмеді.

Бұның алдында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының миссиясы есебінде "кандидаттар арасында бәсеке байқалмайды" деп жазған. Содан кейін өзбек билігі дебат өтетінін жариялады.

Жаңа саяси партия құру туралы жоспарын жариялаған саяси белсенді Алексей Гаршин биліктің қысымына ұшырағанын мәлімдеді.

- Саяси партия құру туралы айтқан сәттен бастап мені бақылауға алды. Олар менің әр қадамымды аңдып отыр. Мен хабарласқан белсенділерге қысым жасап жатыр. Олар менің қайда жүргенімді телефоным арқылы біліп қояды, - деді Алексей Гаршин.

Өткен аптада Хьюман Райтс Вотч ұйымы Өзбекстанда "адам құқықтары бұзылып жатқанын" мәлімдеген. "Реформаларды қолға алғанын жариялаған Өзбекстан халықаралық қауымдастықтың назарына ілікті, бірақ елде болып жатқан заң бұзушылықтар, сайлауларда оппозиция мен тәуелсіз кандидаттардың болмауы бұның бос сөз екенін көрсетіп берді", - деді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!