Оңтүстік Кореядағы президенттік сайлауда Мун Чжэ Ин жеңіске жетті

08:11, 10 мамыр 2017

Оңтүстік Кореяда жаңа президент сайланды. Ол – демократиялық партияның көшбасшысы, алпыс төрт жастағы Мун Чже Ин. Президенттік сайлау кеше ғана өтті, ал бүгін жаңа басшының инаугурациясы өтті және кей тағайындаулар бекітілген. 

Владислав Цой, тілші:

-Бүгін Оңтүстік Кореяның он тоғызыншы президентінің инаугурациясы өтті. Себебі кеше өткен сайлау кезектен тыс еді. Бұрынғы елбасшысы Пак Кын Хеге импичмент жариялағаны белгілі. Сондықтан Оңтүстік Кореяның жаңа президенті сайлаудан кейін бірден жұмысына кірісті. Бірақ басқа ел өкілдері қатысуымен дәстүрлі инаугурация кейін өтеді деп жоспарланған. Бүгін Мун Чже Ин өз әкімшілігінің және барлау қызметінің басшыларын тағайындады. Премьер-Министрдің де кандидатурасы ұсынылды, бірақ оны Парламент бекітуі тиіс. Сондықтан Үкіметтің жаңа басшысын тағайындау рәсімі бірнеше айға созылуы мүмкін. Сыртқы саясатын атап өтетін болсақ, біріншіден Мун Чже Ин Қытаймен қарым-қатынасты жақсартуды көздеп отыр. Себебі Оңтүстік Корея аумағында АҚШ өзінің зымыранға қарсы жүйесін орналастырғаннан кейін аспан асты елімен жағдай суып кеткен. Бұл туралы саясаттанушылар былай деді.

Ян Сын Хам, саясаттанушы:

-Қытай Оңтүстік Корея билігіне Мун Дже Иннің келуімен зымыраннан қорғану жүйесі төңірегіндегі мәселе шешімін табады деп үміттенеді. Алайда бұл оңай емес. Президенттің демократиялық партиясы бұл кешенге қарсы. Бірақ оны орналастыру үдерісі басталып кетті. Енді бас тарта алмасы анық. Бірақ АҚШ президенті жүйені орнату үшін Оңтүстік Кореядан бір миллиард доллар сұрапты. Егер осыны сылтау етсе, онда тығырықтан шығуға мүмкіндік ала алады.

Жүргізуші:

-Владислав, Оңтүстік Кореяның жаңа президенті Қазақстанмен қандай саясатты ұстануы мүмкін?

Владислав Цой, тілші:

-Өз сайлауалды бағдарламасында Мун Чже Ин Орталық Азия мемлекеттері туралы ештеңе айтқан жоқ. Бірақ саясаттанушылардың айтуынша, жаңа президент Қазақстанмен арадағы байланысты нығайта түсуді жалғастырады. Өйткені ол кезінде елімізге мемлекеттік сапармен келген, Президент Но Му Хен әкімшілігінің басшысы болып жұмыс істеген.

Ли Дже Мук, саясаттанушы:

-Қазақстанға деген қызығушылығымыз өте жоғары. Өйткені еліңіз Жібек жолының бойында орналасқан. Еуразия құрлығындағы мемлекеттердің өзара байланысын дамытуда маңызды роль атқарады. Сонымен қатар Қазақстанның жер қойнауы табиғи байлыққа толы. Оған қоса сіздің елде тұрып жатқан этникалық кәрістер де аз емес. Ли Мён Бак президент болып тұрған тұста екі елдің қарым-қатынасы айтарлықтай дамыған еді. Енді Мун Дже Ин де осыны одан әрі жалғастырып, Қазақстан мен Орталық Азияға көп көңіл бөледі деп ойлаймын. Жаңа президент Премьер-Министр мен Сыртқы істер министрін тағайындағаннан кейін Орталық Азия елдерімен байланыстың қай бағытта өрбитіні жөнінде нақты жоспар әзірленеді. 

Барлық сарапшылар Қазақстанда тұрып жатқан саны жүз мыңға жететін кореялық диаспораны атап айтуда. Осы диаспора екі елімізді қосып отырған достық көпірі деп есептеуге болады. Әлемде тұрып жатқан миллиондаған корей ұлтының өкілдері Мун Джэинге деген үміттері зор. Себебі демократиялық партияның өкілі болған Ким Тэ Джун мен Но Му Хен Президенттері Солтүстік Кореяға іс сапар ұыймдастырған болатын. Бүгін Мун Чже Ин өзінің инаугурациялық сөзінде Пхеньянға сапар шегуге дайын екендігін атап өткен болатын. Сондықтан жаңа президенттің қос Кореяны біріктіре алу мүмкіндігі бар. Ал бұл – бүкіл әлемде тұрып жатқан корей ұлтының осыған дейін орындалмай келген арманы.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!