Мексикада зілзала салдарынан 4 жарым миллионнан астам тұрғын жарықсыз қалды

19:00, 20 қыркүйек 2017
565

Мексикада жойқын жер сілкінісі болды. Күші – 7,1 балл. Соңғы ақпарат бойынша, зілзаладан 200-ден астам адам қаза тапқан. Запа шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түскен жоқ. Қазір ел астанасы мен бірқатар штатта төтенше жағдай жарияланды. 

Үйінді астында қанша адам қалғанын дөп басып айту қиын. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы мәлімет сағат сайын өзгеруде. Ел астанасы Мехикода әп-сәтте ондаған үй жермен-жексен болып, жүздеген ғимарат зақымданды. Тас жолдар қарс айырылды. 

Освальдо Касиллас, жергілікті тұрғын:

 -Көзді ашып-жұмғанша үйлердің терезелері сынып, ғимараттар опырылып құлады. Жұрт жан-жаққа қаша бастады. Құтқарушылардың үйінді астында қалып қойған бір адамды аман алып шыққанын да көрдім.

4 жарым миллионнан астам тұрғын жарықсыз қалды. Табиғат апатынан кейін Мехикода және Морелос пен Пуэбла шаттарында төтенше жағдай жарияланды. Апат болған аймақта іздестіру жалғасып жатыр. Құтқару жұмыстарына 3 мың әскери қызметкер, арнайы техника және иісшіл иттер жұмылдырылды.  

Энрике Пенья Ньето, Мексика Президенті:

 -Қиранды астындағы адамдарды құтқару және жараланғандарға медициналық көмек көрсету – қазір басты мақсат. Жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айтамын. Бұл зілзала – еліміз үшін үлкен сынақ.

Мексика – сейсмикалық қауіпті аймақ. 2000-жылдан бері елде 10 ірі жер сілкінісі тіркелген. Ал 32 жыл бұрын дәл осы күні Америка тарихындағы ең ірі зілзалалардың бірінен 10 мың адам құрбан болды. Жұт жеті ағайынды демекші, жерасты дүмпулері бүгін Мехикодан 60 шақырым жердегі Попокатепетль жанартауын оятты. Сейсмологтар қауіптің ең жоғары деңгейін жариялады.

Авторы: Меруерт Жақан

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!