Қытайлық теннисшіні төсекке сүйреген шенеунік кім? 

11:57, 19 қараша 2021

© Сурет: twitter.com/TeamBharat_

Халықаралық әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) қытайлық теннисшісі Пэн Шуайдың тағдырына алаңдайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Себебі қараша айының басында әлеуметтік желіде Пэн Шуай өзін Қытайдың бұрынғы премьер-министрі Чжан Гаоли жылдар бойы зорлап келгенін жазған болатын. Содан бері тенисші қыз ұшты-күйлі жоғалды, одан еш хабар жоқ.

Алайда бірер күн бұрын елдегі мемлекеттік арналардың бірі Пэн Шуайдың тірі екенін білдіретін бір жазбаның скриншотын көрсетті. Бірақ бұл ақпарға теннис қауымдастығы сене қоймады.

CGTN телеарнасынан көрсетілген жазбаға келсек, онда Шуайдың дін аман екені және ол өзі жазған айыптаулардан бас тартқанын мәлімдеген.

Сондай-ақ, теннисші өзінің ұзақ уақыт бойы тасада қалуын былай түсіндіреді: "Мен үйде демалып жатырмын. Бәрі жақсы".

WTA басшысы Стив Саймон Пэн Шуайдың электрондық поштасының түпнұсқалығын тексеру мүмкін болмай отырғанын айтады. Және хаттағы мәтіннің жазылу стилі күмән тудырған.

Стив Саймонның айтуынша, бұл жазба керісінше, теннисшінің тағдырына алаңдаушылықты арттырады.

"Мен бұл хабарды Пэн Шуайдың өзі жазғанына сенбеймін", - делінген WTA басшысы Стив Саймонның мәлімдемесінде.

Қазір Twitter қолданушылары теннисші қызды елге көрсетуді талап етіп отыр. Әлеуметтік желіде #WhereIsPengShuai ("ПэнШуайқайда") деген хэштег қарқын алуда.

Бейсенбіде қытайлық теннисшіні табу үшін Жапонияның теннисші жұлдызы Наоми Осака әріптесіне іздеу салып еді, көп ұзамай оның қытайлық Weibo әлеуметтік желісіндегі аккаунты бұғатталды.

Айта кетейік, теннисші қызды төсекке сүйреген Чжан Гаоли 2013-2018 жылдары Қытай премьер-министрі қызметін атқарған. Сондай-ақ ол ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жақын серігі әрі партия қайраткері.

Әріпжан Әли


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!