Кытайлық инвесторлар «Қорғас-Шығыс қақпасы» жобасына инвестиция салады

10:03, 20 ақпан 2017

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қытайлық инвесторларды «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) жобасына тартуда, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ делегациясы Шанхай қаласына сапары барысында қытайлық серіктестер China Cosco Shipping пен «Ляньюньган порты БК» ЖШҚ компанияларының өкілдерімен кездесіп, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА жобасын бірлесіп жүзеге асырудың мерзімі мен тікелей инвестициялау жайын қарастырды.

Келіссөз барысында «Қорғас- Шығыс қақпасы» АЭА қатысушылары мен бірлескен кәсіпорынды дамытуға қытайдың жетекші компанияларын тарту мерзімі, инвестициясы жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. China Cosco Shipping пен «Ляньюньган порты БК» ЖШҚ компаниялары қол қойған хаттамаға сәйкес, бірлескен кәсіпорынды 2017 жылғы 1 маусымға дейін инвестициялау жүзеге асырылады.

Аталмыш шара Мемлекет басшысының инфрақұрылымдық маңызды жобаларды дамытуға трансқұрлықтық және әлемдік ірі шетел компанияларын тарту бойынша тапсырмасына орай атқарылуда. «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА дамыту жобасы Қазақстанның «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы және Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» жобасына сай маңызды мақсат болып табылады.

«China Cosco Shipping» компаниясы құрамында 1100 жүк кемесі (жалпы сыйымдылығы 85 млн. тонна) флоты бар контейнермен тасымалдау көлемі бойынша әлемде төртінші орынға ие алып кәсіпорын.

Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА жобасына China Cosco Shipping пен Ляньюньган портының қатысуы оның Азия мен Еуропа бағдарындағы ғаламдық көліктік-логистикалық ағынға ықпалдасып, жедел дамуына серпін береді.

Дереккөз: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!