Қытайдың бас газетінің сайты қазақ тілінде шыға бастады

11:41, 10 қыркүйек 2021
513

© Сурет: Mark Schiefelbein (AFP)

1 қыркүйекте Қытай үкіметі мен коммунистік партиясының бас газеті – "Жэньминь жибаоның" ("Халық газеті") онлайн нұсқасы кирилл қарпімен қазақ тілінде шыға бастады, деп хабарлайды azattyq.org.

Осы күні сайт итальян және суахили тілдерінде де хабар таратуға көшті. Бұлардан бөлек басылымның шетелге арналған халықаралық нұсқасының ағылшын, жапон, француз, орыс, неміс, араб, корей, испан және португал тілдерінде беттері бар.

Жаңа үш тілдің қосылуы туралы жаңалықта:

"Онлайн "Халық газетінің" қазақ (кирилл), итальян, суахили тілдеріндегі нұсқасы тиісті өңірлердегі халыққа Қытайдың саясаты, экономикасы, қоғамы, мәдениеті, ғылымы мен білімі секілді көп саласынан ақпарат таратады. Сөйтіп, қытайлықтар мен сол өңірдегі интернет тұтынушылардың өзара түсінісіп, барыс-келіс жасауының жаңа мүмкіндігіне айналуды мақсат етеді" деп жазылған.

"Үш бірдей шетел тіліндегі сайт парақтарының жарық көруі – онлайн "Халық газетінің" халықаралық ақпарат тарату қуатын арттырудың маңызды шарасы" деген басылым "шынайы ақпарат тарату тәсілін қолдану арқылы" "Қытай арманы мен Қытай үнін жаһандандыруға" күш салатынын айтқан.

Сайттың қағаз нұсқасы – "Жэньминь жибао" газеті Қытайдағы ең ықпалды басылымдардың бірі саналады. Өз жазуынша, әлемнің 70-тен астам елінде тілші ұстайтын бұл газет 3 миллионға жуық тиражбен тарайды. 1948 жылы шыға бастаған газет 1949 жылы коммунистік режимдегі Қытай халық республикасы құрылған сәттен Қытай компартиясының ресми газетіне айналған. Басылымның Қытай аймақтарына таралатын түрлі нұсқасы және бар.

Сайт материалдары әртүрлі айдарға топтастырылған. Компартия басшылары жайлы ақпарат негізгі орынға берілсе, "Қытай – Қазақстан" деп аталатын айдарында Қазақстан жаңалықтары, әсіресе Қазақстанның Қытайға қатысы бар жаңалықтары көбірек жарияланған.

Қазақстан басшыларының Қытай елшісін қабылдағаны, Жамбыл облысындағы әскери қойманың жарылғаны, Қытай мен Қазақстан шекарасындағы "Алашанькоу (Қытай) – Достық (Қазақстан)" шекара бекетінен кейінгі алты айда өткен вагон санына дейін тәптіштеген.

Сайт материалдарынан АҚШ-қа қарсы риторика да байқалады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!