Қытайда мұсылмандар лагерін жабу туралы сөз көтерілді

10:27, 14 наурыз 2019

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиясында (СУАР) болашақта мұсылмандар жаппай қамалатын кәсіптік дайындық орталықтары жабылуы мүмкін. Мұндай мәлімдемені өңір басшысы Шохрат Закир жасады, деп хабарлайды South China Morning Post басылымы.

"Лагерьлердің саны да, ондағы адамдардың саны да біртіндеп азаяды. Қоғамға ондай тәрбиелеу орталықтары керек болмаса, олар біртіндеп жойылады", — деді ол.

Закир – мұсылмандарға арналған лагерьлердің уақытша шара екенін мәлімдеген Қытай билігінің тұңғыш өкілі болып отыр. Ол қамаудағы адамдар санын нақты айта алмады, алайда миллионға жетпейді деді.

Миллионға жуық ұйғыр мен өзге де мұсылмандарды саяси тәрбиелеу үшін қамалып отыр деген ақпарат пайда болғаннан кейін ол лагерьлерге халықаралық қауымдастықтың назары ауған болатын. Ресми Пекин ол орталықтар экстремизмге қарсы күрестің бір бөлігі және кәсіп үйретеді деген. Алайда қайта тәрбиелеуден өткендер ол жерде адамдарға зорлық-зомбылық жасалатынын жеткізген.

Қытай билігі мұсылмандарды күштеп қамауға алатынын ұзақ уақыт жасырып келген. Ондай лагерьлердің бар екенін 2018 жылы мойындады. Сол кезде СУАР парламентінің ресми құжаттарының бірінде ол жерде мұсылмандарға "идеологиялық тәрбие беріліп, ойы мен жүріс-тұрысы түзетіліп, мемлекеттік тіл – Қытай тілі үйретіледі" делінген.

Пекин мұсылмандар көп тұратын СУАР арқылы Пәкістан мен Ауғанстаннан радикалды исламистер еніп кетеді деп қауіптенген. Қытай үкіметінің өңірдегі шаралары терроризмге қарсы күресу мен мұсылман халқын бақылауға бағытталған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!