Қырғыз милициясы түстен кейін Атамбаевты күшпен ұстауға дайындалуда

10:56, 19 шілде 2019
854

Қырғызстан милициясы экс-президент Алмазбек Атамбаевты күштеп қамауға алуды жоспарлап отыр, деп мәлімдеді оның қоғамдық бастамалар жөніндегі кеңесшісі Құндыз Жолдыбаева. Бұл туралы ол Facebook-те жазды, деп хабарлайды Sputnik.

"Сенімді дереккөздерден белгілі болғандай, экс-президент Алмазбек Атамбаевты күшпен тұтқындауға бұйрық берілді. Операцияны ертең күннің екінші жартысында мың жарым құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүзеге асырады деп жоспарланып отыр. Билік радикалды шаралардың салдары ауыр болуы мүмкін екенін ұмытып кетсе керек", - деп жазды ол.

18 шілдеде милиция қызметкерлері Атамбаевқа ішкі істер министрлігіне тергеуге шақыру қағазын үшінші рет берді. Ол 19 шілде күні сағат 10:00-де құзырлы органға келуі керек, деп хабарлады Sputnik Қырғызстан.

Бірінші рет куәгер ретінде тергеуге шақырту қағазы 8 шілде күні берілген. Алайда бұрынғы мемлекет басшысы журналистерге тергеуге бармайтынын мәлімдеген. Оның пікірінше, "билік заң шеңберінен шығып кеткен". Екінші рет тергеуге шақыру қағазы 10 шілде күні жіберілген. Бірақ ол ІІМ-ге бармаған.

13 шілде күні Қырғызстан парламенті арнайы комиссия құрып, оның қорытындысы бойынша Алмазбек Атамбаевтың 6 қылмыстық іске қатысы бары анықталған. 20 маусымда Жогорку Кенеш бұл қорытындыны мақұлдап, бас прокуратураға жіберген. Ал 25 маусымда прокуратура алты фактінің бесеуіне қатысты қылмыстық іс қозғауға болатынын хабарлаған.

27 маусым күні Жогорку Кенеш Алмазбек Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырған. Бұл шешімді 103 депутат қолдап, 6 депутат оған қарсы дауыс берген. Осылайша, бұрынғы мемлекет басшысы ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айырылды.

Бүгінде Алмазбек Атамбаевқа Қой-Тас ауылында жер телімін заңсыз алды, қылмыстық әлемнің серкесі А.Батукаевты заңсыз босатты, Субихи Пархатидің "Форум" ғимаратын алаяқтық жолмен сатты, Бішкек қаласындағы ЖЭС-ті реконструкциялау мен оған көмір сатып алу жұмыстары кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген айыптар тағылып отыр.


Источник: zakon.kz

Пікір