Коронавирус індеті қайта күшейген шетелдерде жүрген қазақтар не дейді

12:15, 8 қыркүйек 2020
234

Еуропа елдерінде коронавирус қайта өрши бастады. Індет жұқтырғандар мен аурудан ажал құшқандар, әсіресе Италия, Испания, Франция сынды мемлекеттерде күрт көбейген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

"Түркияда да эпидемиологиялық ахуал ушығып, жергілікті билік демалыс орындары мен жағажайларда шектеу шараларын күшейтуге кірісті. Дерт дендеген бұл елдердегі ахуалды шетелде жүрген отандастарымыздан сұрап білген едік. Түркияда қауіпті індет қайтадан кеулеп барады. Соңғы екі күннен бері кесел жабысқан жандар көбейіп, науқастардың жалпы саны 280 мыңға жуықтаған. Анкарада білім алып жүрген отандасымыз оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшкенін жеткізді. Коронавирус көрсеткішінің бұлай күрт өзгеруі жұрттың жаппай тест тапсыруымен байланысты көрінеді", - дейді телеарна тілшісі.

Сағыныш Назар, Түркиядағы қазақ студенті:

- Күні кеше 97 мыңға жуық адам тест тапсырды. Олардың 1600-ге жуығынан вирус табылды, 53 адам қайтыс болды. Оған дейін 30-40, 20-15 адамнан қайтыс болатын. Вирус ең көп таралған қалалар арасында мен тұрып жатқан Анкара, Стамбұл, Конья, Эрзурум, Йозгат бар.

Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға сақтық ережесіне бейжай қараған қарашаны кінәлап отыр. Өйткені жергілікті халық жүздеген адамның басын қосып той жасауды тоқтатар емес. Сондықтан құзырлы орган тойға қатысты бірқатар шектеу қойылып, туристер ағылатын демалыс орындарында да қауіпсіздік шарасы күшейтілді. Алайда Түркия шекараны жабуға, әзірге асығар емес. Кәріқұрлықта да коронавирус қайта көбейе бастаған. Соңғы аптада індет жұқтырудың рекордтық көрсеткіші Испанияда тіркелді. Бір тәулікте 30 мыңға жуық адамның қанынан СOVID-19 вирусы табылған. Осылайша науқас саны жарты миллионнан асқан Испания қайтадан карантин шарасын күшейтуі мүмкін.

Мадина Абдрашитова, Испаниядағы қазақ турисі:

- Көшеде бетперде тақпаған адам әкімшілік жазаға тартылады. Ең төменгі айыппұл 100 еуродан басталады. Әлеуметтік арақашықтықты барлығы сақтайды деп айта алмаймын. Өткен аптадан бастап жағажай, тек кешкі сағат тоғызға дейін жұмыс істей бастады. Таңғы жетіге дейін суға шомылуға болмайды. Мейрамханалар да түнгі он екіден кейін тапсырыс қабылдамайтын болды.

Италия, Франция елдерінде де жағдай мәз емес. Еуропа елдерінің басшылары коронавирустың екінші толқыны қыспаққа алып, тұрғындарды әбігерге сала ма деп алаңдаулы. Еуроодаққа мүше мемлекеттер ең алдымен шекараны жауып, туристердің келуін тоқтатпақ. Қалыпты тіршілікке оралып, арқаны кеңге салған еуропалықтар ауру айылын жимаса, алдағы уақытта қайтадан төрт қабырғаға телміруі мүмкін.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір