Кландық Қырғызстан. Ол елде де жемқорлық пен парақорлық жайлаған

12:14, 6 қазан 2020
484

2005 жылы тура осындай Парламенттік сайлаудан кейін толқулар болып, Асқар Ақаев тақтан құлады. Кейде әлеуметтік желіні қарап отырып қырғыз ағайынның "Ақаевқа бекер олай жасадық" деген сарынды пікірлерін оқып қаламын. Бұл бірінші революция болатын. Алғашқы революцияда абырой болғанда қан төгілмеді. Ақаев Ресейге кетті, деп жазады желіде Асхат Қасенғали.

5 жыл өткен соң, Ақаевты тақтан түсірген Бакиевтің өз басына қара бұлт үйірілді. Елдегі ауыр әлеуметтік жағдайға байланысты кезекті революция бұрқ етті. Бұл жолы өкінішке орай қан төгілді. Артынша қырғыз-өзбек бауырларымыздың арасында этникалық қақтығыстар туындап, мыңдаған адам қаза тапты. Ғимараттар өртенді. Бакиев Беларусьқа кетті, аяғы ауыр екен, Беларусьта қазір Белбасының өзі халық наразылығына ұшырап, ауыр жағдайда отыр.

Билікке Отынбаева ханым келді. Бар-жоғы 1 жылдан астам уақыт отырып, төңкеріссіз кеткен алғашқы президент болар. Ол президенттік тақтан кеткенде, халық мыңдаған раушан гүлін қойып, шығарып салғаны әлі есімде.

Кейін Атамбаев сайланды. Атамбаев тақтан революциясыз кетті. Елдегі сайлау процесі тығыз болды. Оны біз Қазақстан да мұқияқт қарап отырдық. Бабанов пен Жиенбековтың таласы қатты болды. Атамбаев Жиенбековты бекболатша қолдап, Бабановқа айтпағанды айтты. "Мен шарап ішкенде, ол арақ ішетін, міне деңгейді салыстырыңыз" дегенді де естідік. Кейін Атамбаев біздің елімізбен қырғи-қабақтыққа түсіп, шекара жабылып қалғаны да бар. "Куликовскийда" істейтін бір танысым жұмыстан шығып қалам ба деп қатты қорқып еді сонда. Өйткені жабылады деген сыбыс болды.

Әйтеуір сайлауда Жиенбеков жеңіп шықты. Біраз уақыт Атамбаев пен Жиенбеков әмпей-жәмпей болды. Атамбаев жаңа президентті бауырым деді, Жиенбеков оған шапан жапты. Кейін араларынан қандай мысық өткенін білмедім, бірақ екеуінің арасы тым суып кетті. Жиенбеков Атамбаев кезеңіндегі атқарылған шаруаларды тексеріп, қылмыстық іс ашты. Атамбаевты, премьер Сапарды тексерді. Атамбаев берілмей өз үйінде бір күн атысқанын да көрдік. Ақыры ұсталып, темір торға кетті. Атамбаев 12, Сапар 18 жылға соттала кете барды.

Міне енді 2020-ның қазаны. Тағы да Парламенттік сайлау болды. "Сайлау бұрмаланды" деген халық кеше бейбіт акция өткізген, бірақ кешкісін наразылық акциясы қарсылыққа ұласты. Нөпір халық билік органдарын басып алып, сотталған экстарды босатты. Қазір енді Атамбаев бостандықта, Сапар да бостандықтың саф ауасын жұтып отыр. Айыр қалпақты ағайын елінде кезекі өзгерістің желі еседі. Шынымды айтсам маған бұл өзгерістер демокартияға қарағанда анархияны елестетеді. Шығып, ойды, пікірді білдіру маңызды. Әр адамның құқығы. Бірақ мемлекеттік органдарды өртеп жіберу неге керек? Оның үстіне, мен қателесетін сияқтымын, бірақ Қырғыз елінде солтүстік пен оңтүстік бөлінісі қатты сияқты. Бакиев кезінде де солай бөлініп еді, кешегі сайлауда да солтүстік аймақтардың партиялары аз дауыс алған дегенді естідім. Яғни аймақтық қақтығыс бар сияқты көрінеді. Рулық бөлінушілік те айтарлықтай жоғары дегенді жиі естиміз. Егер рас солай болса, онда ол жаман. Қандай басшы келсе де, талас-тартыс аймақтық, рулық негізде бола бермек.

Өкінішке қарай, қырғыз бауырларымызда да жемқорлық, парақорлық үлкен. 2020 жылы жемқорлық бойынша рейтингте Қазақстан 113 орынды, Қырғызстан 126 орынды алған. Ал ТМД елдерінде Грузия 44 орынды алып, лидер болған. Яғни оларда революциядан кейін нақты қадамдар болғанын көруге болады.

Ертең басқа басшы келсе де миллиондаған қырғыздың жағдайы жақсарып кетеді деп ойламаймын. Атамбаевты "елден кетпеді, түрмеде отырды" деп қайта таққа жайғастырса да, оған тарих бір мәрте президенттікті берді. Ол өзінің қабілетін көрсетті. Қырғызстанға шынайы реформатор керек сияқты. Елді өзгертетін. Әйтпесе бітпейтін революциядан кейін шынайы реформа болмаса, аймақтық қайшылықтарды жоймаса бәрі бос. Кландардың саяси тартысы бола береді. Бір клан екіншісін таптайды, ал қарапайым халық жұмыссыз қиналып, Ресейге баруға мәжбүр бола бермек. Әр нақты қадамы жоқ революциядан кейін Қырғызстан экономикасы 10-15 жылға артқа кетіп жатқан секілді. Қиын. Қырғыз ағайынға даму мен өсу тілеймін. Келіспеуге құқылысыз, дейді ол жазбасында.



Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!