Иран америкалық компанияларға қарсы санкция салмақ

21:59, 27 наурыз 2017

Марин Ле Пен Франция президенті атанса, еуро құнын жоғалтады. Тіпті АҚШ валютасынан да арзандай түсуі мүмкін. Бұл – «Блумберг» агенттігінің сарапшылар арасында жүргізген сауалнама нәтижесі. Экономистердің мұндай болжам жасауына не себеп? Кезек «Шартарап» айдарында.

Зайнұр Байжігіт, тілші: 

-Франция президенттігіне үміткер Марин Ле Пен Еуроодақтан шыққысы келеді. «Ал мұның салдары еуроға әсер етпей қоймайды», – дейді сарапшылар. 

Еуроодақ ыдырайды. Бұл – Франция президенттігіне үміткер Марин Ле Пеннің пікірі.   Жақтастарымен кездескен саясаткер: «Ұлыбритания ұйымнан шығуға дауыс берді. Енді Франция кетсе, одақ әлемнің саяси картасынан жоғалады», – дейді. «Себебі оның адамдарға еш қажеті болмай қалды», – деп санайды. Сөз арасында қарсыластарын Еуроодақтың мүддесін Франциядан жоғары қоятыны үшін кінәлады. Еске салайық, Францияда президенттік сайлау екі кезеңмен өтеді. Біріншісі 23-сәуірде, екіншісі 7-мамырға белгіленген.

Ал Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Пак Кын Хе қамауға алынуы мүмкін. Елдің Бас прокуратурасы тиісті құжаттарды сотқа жолдап қойған. Саясаткер билігін асыра пайдаланды, мемлекеттік құпияны жария қылды деген күдік бар. Айта кетейік, Пак Кын Хе – Оңтүстік Кореяда тергеуге алынған 4-ші президент. Алғашқы екеуі түрлі жазаға тартылса, соңғысы өз-өзіне қол салған. Өткен жылы желтоқсанда саясаткерге импичмент жарияланды. Пак Кын Хенің өзі кінәсін мойындап, халықтан кешірім сұрады.

Иран болса, АҚШ-қа қарымта жауап бермек. Ислам Республикасы 15 америкалық компанияға санкция салмақ. Қара тізімге Израильге қару-жарақ пен құрал-жабдық жеткізетіндер іліккен. Ресми Тегеран еврей билігі: «Оны палестиналықтарға қарсы қолданады», – деп санайды. 3 күн бұрын Америка Құрама Штаттары да Иранның баллистикалық ракеталарды жасау бағдарламасымен байланысты деп санкция енгізген еді. 

Осыған дейін АҚШ конгресі Иран армиясын лаңкестік ұйымдар тізіміне қосу мүмкіндігін хабарлаған еді. Бірақ қарсы тарап тосылып қалған жоқ. Американың әскери қолбасшылығы мен орталық барлау қызметін террорлық ұйым деп тануға әзір екендігін мәлімдеді. 

Жапонияда қар көшкіні жүріп, 8 адам опат болды. Тағы 37-сі жарақат алған. Құрбандардың біреуі – ұстаз, қалғаны – оқушы. Төтенше жағдай Тотиги префектурасындағы тау-шаңғы шипажайында болды. Мұнда 50-ге жуық оқушы құзға шығу бойынша жаттығуға қатысып жатқан. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестірумен айналысатын арнайы штаб құрылды. 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!