Еуро-2020 турнирінің басталуына бір ай қалды

09:10, 11 мамыр 2021

© Сурет: uefa.com

2021 өткелі отырған бұл ала доп додасының бір жылға кешігіп жетуінің себебі сіз бен бізге жақсы мәлім. Еуропаның түкпір-түкпірінде болатын тартыстарға куә болмақпыз. Себебі, бұл доп додасы Еуропаның 11 ірі қаласында өтеді, деп түсіндіреді aladop.kz.

Еуропаның 11 ірі қаласы мынадай: Лондон (Англия), Рим (Италия), Мюнхен (Германия), Баку (Әзірбайжан), Санкт-Петербург (Ресей), Будапешт (Венгрия), Севилия (Испания), Бухарест (Румыния), Амстердам (Голландия), Глазго (Шотландия), Копенгаген (Дания).

Турнир өз шымылдығын Италия астанасы Римде "Олимпиадалық" стадионда түріп, нүктесін Англия астанасы Лондонның "Уэмбли" стадионында қояды.

Еуропаның мықты құрамалары бақ сынайтын бұл бәсеке, 24 команданың қатысуымен екінші мәрте өткізілмек. 2016 жылы да дәл осылай 24 команда бақ сынап, Португалия жеңіске жеткен.

24 команда төрттен алты топқа жіктеліп, әр топтан үздік шыққан екі құрама және үшінші орын алған командалар арасынан алғашқы төрт үздік нәтиже көрсеткен құрама 1/8-ге жолдама алады. Тиісінше жеңген құрамалар финалға дейін екеу ара мықтылар арасынан анықталып отырады. Қалған ойын жүйесі түсінікті, топтық кезеңнен кейінгі ойындарда, 90 минутта жеңімпаз анықталмаса, 15 минуттық қосымша екі кезең, одан нәтиже тең болып жатса 11 метрлік айып добына кезек беріледі.

Құрамалар алаңда бес ойыншыны ауыстыруға құқылы, ал қосымша тайм ойналса алаңға алтыншы ойыншыны тыңнан қоса алады. Сондай-ақ, құрамалар биыл 23 емес, өз қатарын 26 ойыншымен жасақтауға мүмкіндігі бар.

Осы турнирдегі тағы бір қуанышты жаңалық, ойын өткізілетін мемлекеттегі пандемиялық жағдай мен стадионның сыйымдылығын ескере отырып белгілі бір мөлшерде аренаға жанкүйерлер кіргізілмек.

Биылғы Еуропаның үздіктері бас қосқан бұл аламан 12 маусым мен 12 шілде аралығына жоспарланған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!