Атақты Ронни О’Салливан әлем чемпионатында жас баладан ұтылып қалды

11:25, 24 сәуір 2019

Англияның Шеффилд қаласындағы Крусибл театрында жылдағыдай снукерден әлем чемпионаты өтіп жатыр.

23 сәуірде 2019 жылғы әлем чемпионатының бас сенсациясы орын алды: кәсіпқойлар қатарына қосылмайтын әуесқой ойыншы Джеймс Кэхилл осы спорт түрінің бас жұлдызы Ронни О’Салливанды алғашқы раундта 10:8 есебімен ұтып кетті.

23 жастағы Кэхиллдің іріктеу кезеңінен өткенінің өзі үлкен ерлік болатын: бұған дейін негізгі жарысқа ешбір әуесқой шыға алмаған. Іріктеуде Джеймс Хиггинсонды (10:9), Холтты (10:7) және тағы бір әуесқой Джаджты (10:6) ұтып кеткен.

Ағылшынның сары баласы биыл онсыз да бір сенсация жасап үлгерген: Ұлыбритания чемпионатында әлемдік рейтингтің бірінші нөмірі Марк Селбиді (6:5) қапы қалдырғаны бар.

О’Салливанның жеңілісі турнирдің басқа фавориттері – Нил Робертсон мен Джадд Трамптың чемпион атану мүмкіндігін күрт арттырды.

Ал Кэхилл осы жеңісімен-ақ 30 мың фунт тауып, тура сонша ұпай алды. Келесі кезеңде ол Стивен Магуайермен кездеседі. Кэхилл ол ойынның нәтижесіне басын қатырмаса да болады, оның әзірге ең басты жеңісіне жеткені айдан анық.

Джеймс Кэхилл. Фото: - Getty Images


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!