«Арттарын» тазалап кеткен жапон жанкүйерлеріне әлем тәнті болуда

17:02, 21 маусым 2018

Күні кеше Жапония мен Колумбияның жан алысып, жан берісіп «шайқасқанын» бәрі біледі. Әңгіме әлем чемпионаты туралы, иә. Бірақ айтпағымыз доп додасының өзі емес. Екі де бір есебімен колумбиялықтарды жеңген олардың «масаттанғаны» сондай, стадионды қоқыстан тазартып кетті деп жазады altaynews.kz.

– Мен олардың бұл қылығына бұрын да куә болғанмын. Бейсболшы Ичироны қолдауға келген жерлестері ылғи да өздері шашқан қоқысты жинап-теріп алып кететін.

– Олардың тазалықсүйгіштігіне тәнтімін. Өткен жылы Токио қаласына барғанымда көлденең жатқан бір ши кездестірмеген едім көшесінен. Таңғаларлық. Ал біздің Америкада ше, екі аттап бассаңыз… Иә, жеткілікті.

– Жапонияның мектептерінде тазалық қызметкерлері болмайды. Оқушылар кезекпен тазалықшылық атқарады.

Міне, стадиондағы жапондықтардың қылығынан кейін жанкүйерлер әлеуметтік желіге осындай алуан түрлі пікірлерді жарыса жазды. Бәрінің де ойы бір жерден шықты – «Жапонияның мұнысы – әлем халқына үлгі».

«Жапония мектептерінде тазалық қызметкерлері болмайды» деген әлгі бір жанкүйердің пікірі өзіміз күнде айтатын «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген тәмсілді қайыра еске түсіреді. Қазақ дөп басып айтады ғой. Иә, айтқыш елміз. Демек, жапондықтарға жер тырмалатқан қандай күш екені белгілі.

Айтпақшы, осы мәселе бізде қалай?

– Бізде былай, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Елжан Қайырханов. – Жарыс өткізерден бұрын біз шаруашылық ісімен айналысатын мекемелермен келісім жүргізіп, нысанды алдын ала тазалатамыз. Ал ол нысандардың жарыстан кейінгі ахуалы әр кезде әрқалай болады. Тазалық мәселесі әрбір азаматтың өзіне байланысты. Бірі қалдықты жәшікке апарады, бірі орнында қалдырып кетіп жатады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!