Америкалық альпинист алғаш рет Эвересттің солтүстік беткейінен шаңғымен түсті

13:38, 17 қазан 2025

© Сурет: pexels

Америкалық альпинист Джим Моррисон – әлемдегі ең биік шың Эвересттің (биіктігі 8848,86 метр) аса күрделі солтүстік беткейінен (еңіші 40-60 градусқа дейін жетеді) шаңғымен түскен тұңғыш адам атанды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ABC мәліметінше, 50 жастағы Моррисон сәрсенбі күні Эвересттің шыңына шығып, артынша шамамен төрт сағат бойы шаңғымен түскен.

Бұл тарихи оқиға National Geographic арнасы үшін арнайы түсірілген деректі фильм аясында режиссерлер Джимми Чин мен Элизабет Васархели тарапынан бейнеге түсірілді.

Моррисон бұл тарихи жетістігін Хилари Нельсон есімді әріптес шаңғышысына арнады. Хилари 2022 жылы Манаслу (биіктігі 8163 м) шыңына шығу кезінде қаза тапқан болатын.

 

Бұл Моррисонның Эвересттің Хорнбейн дәлізімен шаңғымен түсуге жасаған үшінші әрекеті болды. Алдыңғы екі әрекет – 2023 және 2024 жылдары – сәтсіз аяқталған: бірінде логистикалық қиындықтар, екіншісінде көшкін жүріп, оның командасындағы бір альпинист жарақат алған.

Соңғы онжылдықта Моррисон өзін әлемдегі ең тәжірибелі экстремалды шаңғышылардың бірі ретінде көрсетіп келеді. Ол бұған дейін Лхоцзе, Макалу және басқа да Гималай шыңдарынан шаңғымен түскен.

Оның Эвересттегі бұл жетістігі – альпинизм мен экстремалды спорт тарихындағы ерекше белес ретінде бағаланып отыр.

Бұған дейін АҚШ ғалымдары екі жыл бұрын мұхит түбіне батып кеткен сүңгуір қайықтың неліктен апатқа ұшырағанын анықтағанын жазған болатынбыз.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!