Алеппо қаласы жарылғыш заттардан тазартылды

18:03, 18 қаңтар 2017

Сирияның содырлардан азат етілген Алеппо қаласында 24 мыңнан астам жарылғыштың көзі жойылды. Әскерилер 1 жарым мың гектар аумақты тазартты. Соның арқасында мыңдаған бейбіт тұрғын үйлеріне оралуда.

Сирия билігі қаланы біртіндеп қалпына келтіру бағдарламасын бекітті. 

Юсеф Каттан, Алеппо қаласының тұрғыны  

-Содырлар қаруын тастап, Алепподан кеткелі, жағдай оңалды. Халық біртіндеп үйлеріне қайтуда. Жұрт қалыпты өмірге көшті деп айтуға ерте, әрине. Өйткені қаладағы үйлердің көбінде жарық пен су жоқ. Алайда үкіметтің қолдауымен барлығын қалпына келтіреміз деп сенеміз.

Содырлар Алеппоның шығыс бөлігін 2012-ші жылы басып алған еді. Ал былтыр 22-ші желтоқсанда үкімет жасағы оны өз бақылауына қайтарды. Сириядағы жағдайды реттеу мәселесі жуырда Астанада талқыланатыны белгілі.  

Әлкей Марғұлан, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы   

-Бұл кездесу барысында тараптар арасындағы сенім шараларын күшейту, Сириядағы гуманитарлық мәселені қарастыру, сонымен қатар, Женевадағы негізгі келіссөздер арасындағы тараптардың бір-біріне деген көзқарасы, пікір алмасу қарастырылады. Бұл нені білдіреді? Астана қазіргі кезде халықаралық қауымдастық тарапынан осындай мәселелерді өзара келісуге арналған келіссөздер кеңістігі ретінде қаралып отыр.

ОПЕК мұнай экспорты мен өндірісіне мониторинг жүргізбек. Бұл туралы Сауд Арабиясының Энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі мәлім етті. Мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы мен картельге кірмейтін мемлекеттер 2016 жылдың 10 желтоқсанында мұнай өндірісін 1,8 млн баррельге қысқарту жайлы келіскен. Осыған орай Ресей өндірісті 300 мың баррельге, Мексика 100 мың, Әзербайжан 35 мың, Қазақстан 20 мың баррельге қысқартуы тиіс еді. Қара алтын өндірісін азайту жөнінде қосымша міндеттеме алған елдер де бар. ОПЕК жоспардың орындалуын қадағаламақ.

Ал Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясы кенже дамыған 49 және дамушы 104 елден тасымалданатын тауарларға кедендік баж салығын 25% төмендетеді не мүлдем алып тастайды. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның баспасөз қызметі хабарлады. 

Бекітілген тізімде ет, балық, сүт өнімдері, бағалы металдар мен өзге де тауар түрлері бар. Алдағы уақытта тасымалданатын өнімнің 62 пайызынан баж салығы алынып тасталады. Мұндай тауарлар тізімін 97 пайызға жеткізу көзделген.

Ұлыбритания Еуроодақтың ортақ нарығынан шығып, мүше елдермен жаңа келісімшарт жасаспақ. Бұл туралы елдің премьер-министрі Тереза Мэй мәлім етті. Шешімнен соң фунт стерлингтің құны күрт өскен. Алайда ел сарапшылары: «Бұл уақытша құбылыс», – дейді. 

Тұманды Альбионнан кейін Еуроодақтан Франция да шығуы ықтимал. Ұлыбритания шекарасын бекітіп, азаматтар мен жұмыс күшінің қатынауын бақылауға алмақ. 

«Алайда көрші елдермен достық қатынасты сақтап қалады», – дейді елдің премьер-министрі.

Тереза Мэй, Ұлыбритания премьер-министрі  

-Ұлыбритания – ашық әрі толерантты мемлекет. Біз иммигранттарға, әсіресе еуропалық жоғары тәжірибелі мамандарға зәруміз. Бірақ референдумда халық Еуропадан Ұлыбританияға ағылған адамдардың санын бақылауға алуы керек деп шешті. Елдер арасындағы еркін сауда айналымы болады.

Қыс аязды болып, Еуропада электр энергиясының бағасы қымбаттады. Тіпті соңғы уақытта қуат көзінің тапшылығы сезілуде. Салдарынан Кәрі Құрлық елдерінде электр энергиясының құны соңғы 10 жылдағы шарықтау шегіне жетті. 

Мәселен, Германияда сағатына бір мегаватт үшін 100 еуро төлейді. Ал Францияда ертеңнен бастап 162 еуро болмақ. 

Бағаның соңғы 10 күнде 30 еуроға көтерілуі елдегі атом электр стансасындағы жөндеу жұмыстарымен тұспа-тұс келді. 

Германияда энергетикалық ресурстарды тасымалдайтын кемелердің қозғалысы шектеліп, жағдай ушықты. Ал  синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Олардың айтуынша, қыстың беті әлі қайтпайды.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!