АҚШ өкілдерінің Астанада өтетін келіссөздерге қатысуы екіталай

22:41, 19 қаңтар 2017
479

Жүргізуші: 

-Ендігі кезек «Шартарап» айдарында. Гүлмайра, Сирия мәселесі жөніндегі Астанадағы келіссөздерге АҚШ қатыспайды деген ақпар естідім. Бұл мәлімет ресми расталды ма?

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші 

-Иә, дұрыс айтасың, АҚШ келісөздерде қатыспайды. Дегенмен, Ираннан Сириядағы жағдайды реттеуге қатысты шараға арнайы делегация келеді. 

Трамптың командасы АҚШ өкілдерінің Астанада өтетін келіссөздерге қатысатынын растаған жоқ. «Алайда жағдайды реттеуге ынталымыз», – дейді жаңадан сайланған Президенттің баспасөз хатшысы. Ол сөзінде Сирия бойынша келіссөздерге қатысу туралы шақыруды Трамптың ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі, генерал Майкл Флиннің 29 желтоқсан күні алғандығын айтты. «Астанада өтетін конференцияға қатысамыз ба, жоқ па, ол жағын білмеймін. Алайда өзге елдермен Сириядағы жағдайды реттеу бойынша жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Трамптың өкілі. 

Есесіне, Иран Астанада өтетін келіссөздерге қатысатындығын растады. Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған шараға Иран Ислам Республикасының Президенті мен елдің сыртқы істер министрінің орынбасары бастаған делегация арнайы келмек. 

Иран тарапы Астана, Сирия билігі мен оппозиция арасындағы келісім алаңына айналып, соғыстың аяқталуына сеп болады деген сенімде.

Келіссөздер 23 қаңтарда Қазақстан, Ресей, Иран және Түркия Президенттерінің қатысуымен өтеді. 

Оқиға орнынан 300 шетелдік журналист ақпарат таратуға өтініш берген. Олар баспасөз орталығында жұмыс жасайды. Бірнеше күнге ұласуы ықтимал келіссөздердің нақты қай жерде өтетіндігі әзірге белгісіз.

Дональд Трамптың бағдарламасы АҚШ экономикасына соққы болып тиеді. Бұл туралы Давоста өткен бүкіләлемдік форумда экономист Нуриэль Рубини мәлім етті. 

Оның айтуынша, жаңа Президенттің фискалды ынталандырулар мен салықты төмендету туралы шешімі пайыздық үстемелердің жоғарылауына негіз болмақ.

Ал бұл доллардың нығаюының кепілі. Валютаның күшеюі өндіріс орындарына кері әсерін тигізбей қоймайды. 

Трамптың саясаты сыртқы сауданы тежеп, капитал мен жұмыс күшінің алмасуын шектейді. 

«Федералды қор жүйесінің болжамына сүйенсек, алдағы 1 жарым жылда доллардың өсуі өндірістегі 400 мың жұмыс орнының жабылуына алып келеді», – деді Рубини.

Ресей мен Түркия Сириядағы «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымына қарсы алғаш рет бірлескен әуе операциясын өткізді. 

Ресейдің қарулы күштері бас штабы шұғыл басқармасының басшысы Сергей Рудскойдың айтуынша, операцияға 17 ұшақ қатысқан. Олардың 8-і Түркияға, қалғаны Ресейге тиесілі. 

Операция барысында соққы берілетін нысандардың тізімі алдын ала жасалып, келісілген. Ресей мен Түркия арасындағы шиеленіс өткен жылы 7 айдан кейін қайта қалпына келгендігі белгілі.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!