Ағаш қандаласының кесірінен грузиялық шаруалар табыс көзінен айырылуы мүмкін

22:26, 7 қыркүйек 2017

Биылғы күзгі жиын-терім Грузия фермерлерін әбігерге салды.

Самегрело ауданының шаруалары қаптаған ағаш қандаласының кесірінен жаңғақсыз қалайын деп отыр. Бұл жағдай мандарин өсірумен айналысатын көрші Аджария тұрғындарын да аяғынан тік тұрғызды. Зиянкестердің кесірінен грузин цитрусы да экспортқа шықпай қалуы мүмкін. Бұл біздің нарыққа да әсер етпей қоймас. 

Елдің батысындағы Самегрело ауданының тұрғындары жаңғақ өсірумен жан бағады. Ғасырдан астам тарихы бар дәстүрлі шаруашылық өңірдің негізгі табыс көздерінің бірі саналады. Грузия цитрусты жемістер мен шараптан бөлек, жаңғақтың мол көлемін шетелге экспорттаумен аты шыққан. 

Давид Сванидзе, жаңғақ өңдейтін зауыт қожайыны: 

- Еуропа мен ТМД елдері, соның ішінде Қазақстан да біздің өнімнің сапасын жақсы біледі. Бірақ соңғы екі жылдан бері орман жаңғағын өсіру көптеген қиыншылыққа тап болды. Сыз бен қолайсыз күн райының әсерінен ағаштар ауыра бастады. Сондай-ақ қаптаған қандаланың кесірі грузин фермерлеріне зиянын тиігізіп жатыр. 

Нателла Сарандия биылғы жиын-терімнен екі тонна өнім алуды жоспарлаған. Алайда ағаш қандаласы өсіп тұрған жаңғақтың көп бөлігіне зардабын тигізді. Соның әсерінен ағаштар өнім беруге жарамсыз болып қалды. Зиянды жәндіктер жүгері мен жеміс-жидек ағаштарын да зақымдаған. Қандалаға қарсы бірнеше мәрте химиялық дәрілер себілді. Бірақ бұл іс-шаралардан еш нәтиже жоқ.     

Нателла Сарандия, фермер: 

- Биыл бір келі жаңғақ өнімін алдым. Оның өзі бұзылған. Басқа жердегі бақшамнан да сау жаңғақ шықпады. Сонымен қатар бір гектар жүгері алқабы да жарамсыз болып қалды. Бұл жәндіктер адамды шағып, ұйқы бермейді. Түнде тереземізді аша алмаймыз. Қыста нансыз қалатын түріміз бар. 

Ағаш қандаласы айналасына тез тарайды. Самегрело ауданын зақымдаған зиянды жәндіктер енді көрші Гурия аймағының бас ауруына айналды. Қандаладан мандарин жинауға дайындалып отырған Аджария фермерлері де қауіптеніп отыр. 

Авторлары: Анна Анастасиади, Шалва Сурамелашвили

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!