+47. Ташкентте күннің ыстығынан электр қуаты қайта-қайта сөніп жатыр

15:19, 9 шілде 2021

© Сурет: AFP

Шілде басталғалы бері Өзбекстанның барлық облыстарында күн қатты ысыды. Аудандардың кейбірінде ауа температурасы +47 градусқа жеткен, деп хабарлайды zakon.kz Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Өзбекстанның гидрометеорологиялық орталығының мәліметі бойынша, биыл елде соңғы 150 жылдағы ең ыстық жаз тіркелді. Хабарларға қарағанда, үш жылдан бері ауа температурасы жаз уақытында қатты көтерілетін болды. Шілде басталғалы күннің күрт ысуынан қалалар мен өндіріс нысандарында электр қуаты өшіп қалып жатыр.

Қоғам белсенділері мен депутаттардың кейбірі күндіз жұмыс істейтіндердің жұмыс уақытын таңертең және кешкі уақытқа көшіруді сұрады.

Ташкентте 8 шілдеде өткен баспасөз конференциясында Өзгидромет үкіметке осындай ұсыныс жасағанын хабарлады. Мамандардың айтуынша, күннің жазда күрт ысуы ғаламдық климаттың өзгеруіне байланысты болып отыр.

Гидрометорталық мәліметі бойынша, 7 шілдеде Навои және Бұхара облыстарындағы аудандардың кейбірінде ауа температурасы +47 градусқа жеткен. 8 шілдеде аптап ыстық шығысқа қарай ауысқан.

Өзбекстанда электр қуатының жүйесі қатты ыстық пен суыққа төзімсіз болып шықты. Ыстық күндері астанада электр қуаты қайта-қайта сөніп қалып жатыр. 7 шілдеде түсте Ташкент метросының үш станциясында жарық сөніп қалған. Әлеуметтік желілерде қараңғы метро станцияларында түсірілген видеолар жарияланды.

Билік жарықтың қайта-қайта сөніп қалуын күннің ыстығымен байланыстырған. Ыстық уақытта тұтынушылардың электр қуатына сұранысы артқан.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!