Ж.Жақиянов қыркүйекте WBA және IBF чемпиондық белбеулері үшін жұдырықтасады

23:34, 21 маусым 2017

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақияновтың менеджері Филипп Фондю чемпиондық белбеулерді біріктіру бойынша жекпе-жек туралы келіссөздердің аяқталғанын мәлімдеді.

Ол жекпе-жектің қашан және кіммен өтетінін айтты. Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.

«Қазір мен Эдди Хирнмен келіссөздерді аяқтап қалдым. WBA және IBF белбеулері үшін Жанат пен Райан Барнетт арасында жекпе-жек өткізу бойынша келісіп жатырмыз. Жекпе-жек Белфаста болады, қыркүйекте шығар.

Бізге Қазақстанда атақ қорғау үшін жұдырықтасу туралы ешқандай нақты ұсыныс айтылмады. Сөз күйінде болды. Сондықтан біз ілгерлемуіміз керек.

Тағы бірнеше ұсыныс та бар. Мысалы, франциялық боксшы Убаалидің командасынан. Оның промоутері Ричард Шаффер (Golden Boy компаниясының бұрынғы бас директоры) және Canal+ қолдау көрсетеді. Бірақ Жанат үшін қазіргі уақытта чемпиондық атақ үшін жұдырықтасқан жөн. Жақында Жақияновтың келесі жекпе-жегі туралы ресми мәлімдеме жасай алатын шығармын», дейді Фондю.

Еске салайық, Жақиянов 11 ақпанда АҚШ-тың Толедо қаласында америкалық Роуши Уорренді төрешілер шешімімен жеңіп, жеңіл салмақтағы WBA (Super) және IBO белбеулеріне ие болған. Кейін боксшы IBO белбеуінен бас тартты.

Сонымен қатар Барнетт британиялық Ли Хаскинсті жеңгеннен кейін Эдди Хирн қазақстандық боксшымен чемпиондық атақтар үшін жекпе-жек ұйымдастырғысы келетінін айтқан.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!