Жаратылысы өзгеше спортшы қыз бүкіләлемдік спорт додасынан жүлдемен оралды

11:42, 18 тамыз 2017

Жерлесіміз Гузаль Ергешева Канадада өткен аласа бойлылар арасындағы бүкіләлемдік спорт додасынан жүлдемен оралды.

Әуесқой спортшы қыздың жаратылысы өзгеше болса да, мінезінің қайсарлығы таңғалдырды. Гузаль – 4 жыл сайын өтетін бүкіләлемдік спорт жарысына еліміздің атынан қатысқан жалғыз әуесқой спортшы. 5 жасынан бастап спортты жанына серік еткен ол жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ирина Лазаревадан тәлім алады. Халықаралық жарыс туралы ғаламтордан оқып біліпті. 

Гузаль Ергешева, әуесқой спортшы:

 –Спорт жырысының ашылу салтанатында жалғыз болғаныма көңілім құлазығаны рас. Алайда еліміздің әнұраны орындалғанда кеудемді қуаныш кернеп, көңіліме қанат бітті. Қазақстанның атынан шығып тұрғандықтан, жауапкершілікті де сезіндім.

Жаттығу залында төккен тер далаға кетпеді. 22 елдің өкілдері қатысқан жарыста Гузаль 25 және 50 метрге жүзуден екі күміс медаль және командалық құрамда қола жүлдеге қол жеткізді. Ал пауэрлифтингтен қанжығасына алтынды байлады.

Гузаль Ергешева, әуесқой спортшы:

 –Мен кәсіби спортшы емеспін. Жарысқа қатысушылардың бұрынғы нәтижелерімен танысып, бәсекелестерімнің осал емес екенін білдім. Сондықтан жеңіске жетпесем де, еліміздің атынан қатысудың өзі абырой деп ойладым. Алайда сәттілік серік болып, жарыста бағым жанды. Гузальдың көпшіл болып өсуіне ата-анасының ықпалы зор. Көп жыл бұрын дәрігерлер сирек кездесетін диагнозбен туылған қыздарынан бас тартуды ұсыныпты. Бірақ Ырысқұл ағамен Нәзира апай қыздарының қоғамнан бөлектенбей, еркін өсуіне бар күш-жігерлерін жұмсаған. Айта кетейік, Гузальдың әкесі ауыр атлетикадан спорт шебері болса, анасы волейболмен айналысқан.

Ырысқұл Ергешев, Гузальдың әкесі:

 –Бала кезден бастап оған дене бітімінде ауытқуы бар ұлы адамдардың өмір тарихы туралы көп айтып беретінбіз. Бұл қызымыздың тәрбиесіне көп әсер етті. Оның үстіне өзі де қайсар болып өсті. Спортқа деген құлшынысы оны арманына жеткізді. Гузаль ағылшын тілін еркін меңгерген. Қазақстандық жастардың шетелде білім алуына жол көрсететін білім орталығында жұмыс істейді. Спорт жарысынан қанаттанып келген ол еліміздегі өзі сияқты жандардың спортпен айналысуына күш салмақ.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!