«Вуэльта» велокөпкүндігінде «Астана» командалық есепте топ жарды

17:02, 11 қыркүйек 2017

Испания жерінде атақты «Ля Вуэльта» велокөпкүндігі аяқталды.

Жарыстың бас жүлдесін «Скай Про Сайклинг» командасының капитаны Кристофер Фрум жеңіп алды. Биыл бұл бәсекеде айтулы оқиға көп болды. Велоспорт әлеміне аты танылған аңыз Альберто Контадор өзінің спорттық ғұмырын аяқтады. Сонымен қатар басты классификацияны жеңген британдық Кристофер Фрум да тарихқа енді. Ол «Вуэльтаны» бесінші рет жеңіп, жалпы гранд турларда 15 мәрте топ жарды. Ал дүбірлі додада елордалық «Астана» жеңістерден құр алақан емес.

Бәсекенің ең соңғы 21 кезеңі Мадридтің басты алаңында өтті. «Астана» командасы 3 кезеңде жеңімпаз атанып, шабандозымыз Мигел Анхель Лопес ең жас үздік шабандоз деген атаққа ие болды және екі бірдей кезеңде жеңіске жетті. Сонымен қатар жас қазақстандық Алексей Луценко кезеңнің жеңімпазы атанды. «Астана» командасы командалық бірінші орынды ешкімге бермеді.

Александр Винокуров, «Астана» велокомандасының бас менеджері:

– Біздің негізгі мақсатымыз орындалды. Командаға алынған жас шабандоздардың барлығын тексеріп алдық. 3 кезеңде жеңімпаз атанғанымыздың өзі үлкен нәтиже. Дегенмен командада бірнеше мықты шабандоз жарақат алып, қиын жағдайда жатқанын да ескеруіміз керек. 21-кезеңді «Куик Степ» командасының өкілі Маттео Трентин жеңді. Олармен біркелкі уақытта мәре сызығын кескен «Астана» шабандозы Мигель Анхель Лопес басты есепте 8-ші орынды иеленді. Жас шабандозды осы бастан велоспорт әлемінің жұлдызы болады деп топшылап жатқандар да аз емес.

Авторлары: Ермұхамед Мәулен, Асхат Қарақойшиев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!