Шахмат ойыны мектептерге қосымша пән ретінде енгізіліп жатыр

19:15, 16 тамыз 2017

Қызылорда, Алматы мен Павлодар облыстарында шахмат ойыны мектептерге қосымша пән ретінде енгізіліп жатыр.

Бұл – Шахматтан республикалық федерацияның бастамасымен қолға алынған. Алғашқы үш аймақ тізіміндегі сыр өңірінде шахматтан мықты ойыншылар легі қалыптасып келеді.

Әсел Серікбай олардың ішіндегі ең мықтысы. Шахматтан төрткүл мықтыларын мойындатқан Әсел Серікбай жасөспірімдер арасында 3 дүркін Азия, оқушылар арасында 2 дүркін Әлем чемпионы атанған.

Мыңжылдық тарихы бар шахматтағы математикалық мүмкіндіктердің түйінін табу ақыл-ой кемелдігінің көрінісі. Ал 10-сынып оқушысы Әсел Серікбай шахматтан Қызылорда облысының тарихында алғашқы FIDE шебері атанды. Ұтқыр ойын өрнегі бар дарынды қыз жасөспірімдер арасында Қазақстанның 8 дүркін, Азияның 3 дүркін, Әлемнің 2 дүркін чемпионы. Шахматты 6 жасынан ойнап жүр. Содан бері талай дүбірлі додаларда даралана білді. 7 жасында Қазақстан, 9 жасында Әлем чемпионы болған.

Әсел Серікбай, Шахматтан екі дүркін әлем чемпионы:

– 2011 жылы Польша мемлекетінде оқушылар арасында алғаш рет Әлем чемипионы атандым. Ал өзімнің жүрегіме жақыны – ол жуырда Румынияда болған оқушылар арасындағы әлем чемпионатында бірінші орынды иеленуім. Маған бұл жердің жақын болған себебі – алғаш рет әнұранымыз шырқалды, көк туымыз көтерілді. Және мен соны мақтан етемін.

Әсел Серікбай өзін өкшелеген спортшылармен өз тәжірибесін бөлісуді де дәстүрге айналдырған. Бірер күн бұрын ол елорда төрінде халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында 15 тақтада бір мезгілдік сеанс өткізді.

Риза Қошқарова, Қызылорда облысының шахматтан аға жаттықтырушысы:

– Осы сеансты Әсел екінші рет беріп жатыр. Себебі бірінші рет ол мамыр айында Қызылорда қаласында берген. Биыл мамыр айында Румынияда 15 жасқа дейінгі оқушылар арасында әлем чемпионы болған. Ташкентте 3 дүркін Азия чемпионы болған. Әселге дейін Қазақстанда әлі осындай нәтижеге ешкім келмеген.

Әселді 12 жасқа дейін шахматқа Риза Қошқарова баулыған. Ал бүгінде жоғары дәрежелі жеке жаттықтырушыдан тәлім алып жүр.

Айнұр Үмітаева, Әсел Серікбайдың анасы:

– Осы не дайындайды, не есеп шығарады деп жүрсем, шахматтың есептері көп екен. Оны біз енді-енді түсініп жатырмыз ғой. Сол Риза 30-10 есептен көбейтіп жүрді, кейін 300-500 есепке дейін берген кездері болды. Осының бәрін шығару керексің деп берген. Соның бәрін тапжылмай отырды. Көп бала ойыншық, қуыршақ ойнаса, біздің Әселдің балалық шағы қуыршақпен өткен жоқ.

Енді Әсел еліміздің ересектер арасындағы құрама командасына қосылуға мүмкіндік алып отыр. Сондай-ақ биыл 16 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем біріншілігі мен Олимпиада ойындарына қатысып, олжа салуға ниетті. «Арманым – гроссмейстер атанып, ел абыройын әлемдік аренада асқақтату»,дейді жас шахматшы.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтманбетов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!