Роналду 12 матчтан шеттетілуі мүмкін

15:23, 14 тамыз 2017
269

«Реалдың» шабуылшысы Криштиану Роналду Испания суперкубогы аясында «Барселонаға» қарсы өткен матч кезінде төрешіні итеріп жібергені үшін ұзақ мерзімге жазалануы мүмкін.

Кездесудің бас төрешісі Рикардо Бенгоэчеа Роналдудың алаңнан кетіп бара жатып, төрешіні итеріп жібергенін ойынның ресми хаттамасына қосып қойыпты. 

«Алаңнан қуылған соң шабуылшы төрешінің шешімімен келіспей, бас төрешіні итеріп жіберді», - делінген хаттамада. 

Испания футбол федерациясының ережесі бойынша мұндай қылық үшін футболшы төрт ойыннан 12 ойынға дейін шеттетілуі мүмкін. 

Егер Роналдуды федерация бес матчтан көп ойынға жазалайтын болса, онда бұл жаза ішкі біріншілікке де әсерін тигізеді. Ал төрт ойынға шеттетілсе, бұл жаза тек Суперкубок ойындарына ғана қолданылады. 

Еске сала кетсек, Криштиану Роналду «Барселона»-«Реал» кездесуінің 80-минутында алаңға шығып, арада 6 минут өткеннен кейін екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Бірақ «Реал» төрешінің бұл шешіміне шағымданатынын айтты. 

Ал «Ноу Камп» стадионында өткен матч 1:3 есебімен мадридтік команданың пайдасына аяқталды.

kazinform

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!