Петропавл шенеуніктері зілтемірші Айдарды әбден жынды қылған

09:54, 17 ақпан 2021
13477

Ауыр атлетикадан Азия және Универсиада чемпионы Айдар Қазов жергілікті әкімдік берген пәтерінен айырылып қалды. Зілтемірші 2018 жылы кезекті оқу-жаттығуда жүрген кезінде баспанасы сатылып кеткен, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Содан бері Айдардың ашпаған есігі, баспаған табалдырығы жоқ. Тіпті, сол кездегі қала басшылары қазір облыс әкімдігінде лауазымды қызметте отыр. Берген уәдесінен тайқып кетті, - дейді Айдар Қазов.

Айдар Қазов – 2015 жылы ауыр атлетикадан Таиландта өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салған спортшы. Дүбірлі додада ел намысын қорғаған азаматты жерлестері тік тұрып, сән-салтанатпен қарсы алған. Тіпті чемпионға сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етіпті. Бірақ бұл баспана сол спортшыға бұйырмаған.

Айдар Қазов, зілтемірші:

 

Пәтерді өз атыма жазып, меншік иесі атану үшін құжаттарды рәсімдеу керек болды. Сол кезде құрылыс компаниясының директоры Александр Авдеев жылжымайтын мүліктің банкте кепілде тұрғанын, жуық арада кепілден шығаратынын, содан кейін пәтерді менің атыма рәсімдеуге болатынын айтып сендірді.

 

Бірақ онымен мәселе шешілмеген. Компания басшысы, әу баста ,"Мечта" тұрғын үй кешенінен берген пәтерді оған "Қызылжар" тұрғын үйіне ауыстыруын сұраған. Содан кейін ғана жекешелендіруге мүмкіндік алатынын айтқан. Көшіп барған жаңа қонысы тек сылақпен ғана тұрыпты. Спортшы өзі жөндеу жасап, енді атына рәсімдемекші болғанда, "Авдеев қашқақтай берді"» - дейді спортшы. Кейін оқу-жаттығуға кеткенде, тіпті пәтерді сатып жіберген. Ал айдай әлемге жар салып пәтер кілтін тапсырған әкімдік енді басын алып қашуда.

Асқар Хабибуллин, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

 

Абдиев өзі сыйлап берген нәрсе. Әкімдіктен қаржы ол пәтерге бөлінген жоқ. Спорт басқармасынан бізге қолдаухат түсті. Сол қолдаухат бойынша Қазовқа біз қызметтік пәтер бердік.

 

Ал пәтер сыйлаған кәсіпкер басқаша сөйлеп тұр. Ол спортшыға қымбат сыйлық жасауды "әкім-қаралар менің мойныма жүктеп қойды" дейді.

Александр Авдеев, кәсіпкер:

 

Бұл сыйлық мәжбүрленген, түсінесіздер ме? Сол кезде маған қаржылай ауыр болды. Бірақ әкім уәде берді, әкімнің орынбасары Тасмағанбетов төлеймін деп, ер сөзін берді. Қазір енді ол облыс әкімінің орынбасары. Берген сөзінен тайқып, енді, міне, соттасып жатырмыз.

 

Осылайша әлемдік деңгейде қазақ елінің намысын қорғап, көк туын желбіретіп қайтқан жас спортшы сергелдеңге түсіп, салы суға кеткен. "Шенділер мен қалталы кәсіпкерлердің әділетсіздігіне күйінгенде спортты біржола тастап кеткім келеді", - дейді.

 


 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!