ҚР Ауыр атлетика федерациясы құраманың шеттетілуіне қатысты пікір білдірді

15:15, 21 қазан 2017
653

21 қазанда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы тарапынан 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиада ойындарында допинг заңдылықтарын үш және одан да көп рет бұзған спортшылары бар елдерді бір жылдық дисквалификациялау туралы мәлімдемесі жасалды.

Аталған тізімге Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Молдова, Ресей, Армения, Түркия және Украина енген. Бұл туралы ҚР Ауыр атлетика федерациясының ақпаратында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған хабарламаға сәйкес, Қазақстан құрамасы халықаралық жарыстардан бір жылға шеттетілді, яғни бүгіннен бастап, 2018 жылғы 19 қазанға дейін. Бұл шешім 2016 жылдың маусымында Тбилисиде IWF Атқарушы комитеті отырысының қорытындысы бойынша қабылданған еді.

Осы шешім қабылданған уақыттан бері ҚР Ауыр атлетика федерациясы жарыстардан шеттету шарасы допингпен күресте ең тиімді қадам болып табылмайтындығын хабарлады. Себебі бұндай шешімдер адал атлеттердің мүддесіне қайшы, әсіресе жастардың өздерінің мүмкіндіктерін көрсетуге кедергі келтіреді.

Мәселені қарастырудың барлық кезеңдерінде қазақстандық федерация дисквалификацияны алмастыру үшін таза спортты алға жылжыту саласында өзіне қосымша міндеттемелерді алуға дайын екенін мәлімдеді. Аталған дәлелдерді IWF қабылдады және тиісті шешімде ауыр атлетикадан Қазақстанның жасөспірімдері үшін жеңілдетілген жазаның тетіктері қарастырылған. Осыған байланысты олар 2018 жылдың 6-18 қазанында Аргентинада өтетін жасөспірімдер Олимпиада ойындарына дайындықты жалғастырады. Сонымен қатар ҚР ААФ өкілдері өздерінің қызметін халықаралық және азиялық федерациялардың басқарушы органдарында жалғастырады.

Белгілі болғандай, аталмыш 9 елде дипингпен күрес саласындағы жағдайды мониторингілеу бойынша IWF-тің арнайы комиссиясы құрылады. Осыған байланысты қазақстандық федерация бұл комиссиямен жан-жақты бірлесе жұмыс істеуге әзірлігін танытып отыр.

 

Источник: khabar.kz


Пікір