«Гиннесс» рекордтар кітабына енген қазақстандық атлет Астанада шеберлік сабағын өткізді

16:40, 17 тамыз 2017
504

Барлық сахараны жүгіріп өткен әйгілі желаяқ Марат Жыланбаев 27 тамыз күні елордамызда өтетін халықаралық ШЫҰ марафонына қатысуға ниет білдірген жұлдызды топқа шеберлік сабағын өткізді.

Астана триатлон саябағының кешқұрым жаттығуына расымен де жұлдызды топ жиналды. Әуесқой бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, танымал актер Максим Акбаров, «Цесна-Астық» концернінің жетекшісі Илья Мещеряков, «Ақтау аруы 2015» байқауының жеңімпазы Джейран Дурсунова, «Астана аруы 2015» байқауының вице-ханымы Гауһар Жұматова сынды ел алдында жүрген мықтылар Марат Жыланбаевтың жаттығуына қатысып, марафон жайлы біраз нәрсеге қанығып қайтты.

-Мен биыл Қарағандыда өткен жартылай марафонға қатысқанмын. Ол кезде сөреден бастап бірден жылдамдықты қостым да соңына дейін солай жүгіріп өтемін деп ойладым. Оңай емес екен. Рас, бокспен шұғылданып жүргенімде 16 шақырымдық қашықтықтарды оңай жүгіріп өтетінмін. Алайда бірден жылдамдық қосуға болмайды екен. Соңына таман аздап шаршап қалдым. Енді Астанадағы ШЫҰ марафонына қатысуды жоспарлап жүрмін. Марат Төлегенұлының бүгінгі жаттығуы өте пайдалы болды. Енді қалай жүгіру қажеттігін түсінгендеймін. Алда тағы да кешқұрым жеке жаттығулар жасасам, марафонға толық дайын боламын, – деді Серік Сәпиев.

Естеріңізге сала кетейік, ШЫҰ халықаралық марафоны 27 тамыз күні Астанада өтеді. Бұл марафон EXPO 2017 көрмесінің аясындағы спорттық шаралардың ең ірілерінің бірі болып саналады. Қатысушылар 42 км 195 м, 10 км және 2017 км қашықтықтарға жүгіреді. Жалпы жүлде қоры 60 мың АҚШ долларын құрайтын марафонның сөресі де6 мәресі де «MEGA Silk Way» ойын-сауда орталығының аумағында басталады.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!