Геннадий Головкин мен Альварес жекпе-жек алдында көз арбасты

22:54, 14 қыркүйек 2017

16 қыркүйекте Лас-Вегаста жұдырықтасатын Геннадий Головкин мен Сауль Альварес көз түйістіру рәсімін өткізді.

Кәсіпқой бокстың шартына сай, қарсыластар кездесу алдында осылай тайталасады. Бұл жекпе-жектен спортшылардың қанша табыс табатыны да белгілі болды. Головкин де, Альварес те кемі 15 млн АҚШ долларын қалтаға салады. Содан соң телекөрсетілімдерден түскен қаржыдан үлес алады. Тілшілердің бірі Геннадийға «Осынша көп қаржыны қайда жұмсайсыз?» деп сұрап үлгеріпті. Жарымды жауап жоқ. Боксшы: «Әзірге білмеймін», – деп қысқа қайырған. WBC, WBA, IBF, IBO алтын белдіктерінің иегері Головкин жеңіске жететініне сенімді. «Әлгі белдіктерді қайта әкетуді ойлаймын», – депті. Айқас уақыт айырмашылығына байланысты Қазақстанда 17 қыркүйек күні таңғы сағат 06.00-де басталады.

Геннадий Головкин, кәсіпқой боксшы:

-Бұл – біз үшін де, жалпы бокс үшін де керемет шайқас. Тіпті нағыз бәсеке деп те айтар едім. Бұл – тарихи жекпе-жек және соңғы кездесуіміз емес, алғашқы бәсеке. Маған бәрі ұнайды. Жұрттың мән беруі де ұнайды. «Канелоға» да ұнайтын шығар.

Сауль Альварес, кәсіпқой боксшы:

-Мені жақсы білесің, көп сөйлегенді ұнатпаймын, қысқа қайырайын. Мен дайынмын. Түсінемін, кескілескен ұрыс жүреді. Менің жекпе-жегімді үлгі тұтсаң деймін. Сенбіде жолыққанша.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!