ЕХРО көрмесі аясындағы бокс бәсекесінде 9 жерлесіміз шаршы алаңға шықты

23:49, 9 қыркүйек 2017

Қанат Ислам Астанадағы бокс кешінде канадалық Брэндон Кукты тоғызыншы раундта техникалық нокаутқа жіберіп, WBO NABO және WBA Inter-Continental атағын қорғап қалды.

Отандасымыз кәсіпқой бокста қатарынан 25-ші жеңісіне қол жеткізсе, Брэндон Кук тұңғыш рет жеңілістің ащы дәмін татты. Канадалық спортшы бұған дейін 18 жекпе-жегінің бәрін нокаутпен аяқтаған болатын.

ЕХРО халықаралық көрмесі аясындағы былғары қолғап шеберлерінің бәсекесінде 9 жерлесіміз шаршы алаңға шықты. «Сарыарқа» велотрегіндегі сайысты Мейірім Нұрсұлтанов бастап, қарсыласын алғашқы раундта сұлатып тастады. Димаш Ниязов ұпай санымен жеңіске жетсе, Əли Ахмедов, Нұрсұлтан Жаңабаев және Руслан Мырсатаевтар кездесулерін мерзімінен бұрын аяқтады. Әуесқойлар арасындағы Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да кәсіби рингтегі екінші жекпе-жегін бразилиялық Жильберто Перейруге қарсы өткізіп, ұпай санымен басым түсті. Кездесуді нокаудпен аяқтаған жігіттің бірі – Айдос Ербосынұлы. Ол алғашқы кезеңде аргентиналық Джонатан Барбадильоның осал тұсын тапты.

Айдос Ербосынұлы, кәсіпқой боксшы:

-Абай атамыз «ақырын сөйлеп, анық бас» дейді ғой. Сондықтан үлкен нәрселер айтпай-ақ қояйын. Бірақ алға қойған мақсатым – Әлем чемпионы болу. 2 жылдың ішінде сол Әлем чемпионы деген атаққа таласамын. Желтоқсан айында тағы бір кездесу өткізу жоспарда бар. Оны промоутерлерім шешеді.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!