«Астана» ФК-сы Еуропа лигасына бір қадам жақындады

07:44, 17 тамыз 2017

Глазгоның «Селтик Парк» стадионы қазақстандық клубтар үшін тағы да сәтсіз болды.

Бұған дейін бұл стадионда қарағандылық «Шахтер» мен елордалық «Астана» Чемпиондар лигасымен қош айтысып, кейін Еуропа лигасының топтық кезеңінде доп тепкен болатын.

«Астанаға» биыл сонда кеткен есені қайтару мүмкіндігі туған. Қарсылас ретінде тағы да «Селтик» түсті. Жеңгені Чемпиондар лигасының, жеңілгені Еуропа лигасының топтық кезеңіне барады.

Бірақ трибунаны лық толтырған жанкүйерлерінің алдында «Селтик» ойыншылары қарап қалмады. Александр Мокин қорғаған қақпаға жауапсыз бес гол тоғытты.

«Астана» үшін бәрі жақсы басталған. Таймның ортасына дейін азулы қарсыласына күш көрсете алды. Тіпті кей статистикада «Астананың» көрсеткіші жақсы болған еді.

Алайда 32-минутта Евгений Постников допты өз қақпасына соғып алды. Араға он минут салып, Скотт Синклер ұрымтал тұсқа шығып, мүлт кетпеді. Бірінші тайм 2:0 есебімен аяқталды.

Үзілістен кейін Синклер дубль авторы атанды. Ал 79-минутта Джеймс Форрест Мокинмен бірге-бір шығып, мүмкіндігін салқынқанды пайдаланды. Есеп 4:0 болды. Ал ойынның нүктесін Ли Гриффитс қойды Нәтижесінде 5:0.

«Селтик» Астанадағы қарымта матч алдында айқын басымдыққа ие болды. Енді «Астанаға» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өту үшін «Селтикті» алты гол айырмашылығымен ұту керек.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!