Америкалық полицей Димаш Ниязов Астанада жекпе-жек өткізеді

14:35, 20 маусым 2017

Кәсіпқой бокста бірде-бір жеңіліс көрмеген жерлесіміз Димаш Ниязов Астанада алғашқы кездесуін өткізеді.

Халықаралық ЕХРО көрмесі аясында өтетін кеш оған жақсы мүмкіндік ұсынып отыр. Біреу білсе, біреу білмес, дәл осы Димаш Ниязов Нью-Йорктің қазақ полициясы деген атпен кеңінен танымал.

Мұхиттың арғы жағында тұратын жерлесіміз Димаш Ниязов кәсіпқой рингте 11 кездесу өткізіп үлгерді және барлығында жеңіске жетті. Әсіресе Детройтта болған жекпе-жек көпшіліктің есінде ерекше сақталып қалды. Өйткені ол доминикандық қарсыласын 5-раундта жойқын соққысымен нокаутқа жіберді. 

Димаш Ниязов, кәсіпқой боксшы:
- Бокспен ең алғаш Қазақстанда айналыса бастадым. Бапкерім Нұрғали Сафиуллин болатын. Қазір ол олимпиадалық құраманы дайындайды. Міне, сол іргетастың арқасында бокс әлеміне жақсылап сіңісе алдым. Қазіргі жеңістерімнің барлығын қазақстандық мектеппен және қанда бар қасиетімізбен байланыстырамын. 

Димаш АҚШ-та жүргенімен, туған жерімен байланысты ешқашан үзген емес. Үнемі елде қалған туыстары және достарымен хабарласып тұрады. Ал бокс кешіне қатысу мүмкіндігі ашылғанда қуанышында шек болмапты. 

Димаш Ниязов, кәсіпқой боксшы:
- Астанадағы кездесу қыркүйек айында өтеді. Қанат Исламның кездесуі аясында мен де өнер көрсететін болдым. Өте қуаныштымын. Қазір елорда қатты өзгерген. Халықаралық ЕХРО көрмесі өтіп жатыр. Міне, осының аясында мен де қарсыласымды жеңіп, халқыма ерекше әсер сыйлағым келеді.

Айта кетейік, Димаш Ниязов Нью-Йоркте тәртіп сақшысы қызметін атқарады және жай ғана полицей емес, бейбіт заманның батыры. Бірнеше рет қауіпті қылмыскерлердің жолын кесіп, арнайы марапат алды.

Авторлары: Майра Кабиева, Ренат Садыров

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!