Айбек Нұғымаров қазақ күресінен әлем чемпионатына қатысады

23:33, 23 қазан 2017
4121

Астанада 27-29 қазан аралығында қазақ күресінен өтетін әлем чемпионатында ел намысын кімдердің қорғайтыны белгілі болды.

Бұл туралы Қазақ күресі халықаралық федерациясы мәлім етті. Еліміздің ұлттық ойынына әлемнің түкпір-түкпірінен 40 мемлекеттің спортшылары қатысады. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Аустралия, Үндістан, Литва, Ресей, Бельгия, Камерун бастаған елдердің ең таңдаулы балуандары бар.

Әлем біріншілігінде 55 келі салмақта ел намысын Марат Нығматуллаев қорғайтын болса, 60 келі салмақта Қуаныш Ысқақов белдеседі. 66 келі салмақта Қасымхан Төленбай боз кілемге шықса, 74 келі салмақта Ғалымжан Әбдірахманов белдеседі. 82 келі салмақта Ерсұлтан Мұзафаровқа үміт артсақ, 90 келіде Әділжан Ыстыбаев күрес алаңына шығатын болады. Ал 100 келі салмақта Александр Косачев сынға түссе, аса ауыр салмақта осыған бір ай бұрын «Әлем барысы» атағын жеңіп алған Айбек Нұғымаров ел намысын қорғайды. Ал абсолютты чемпион атағына Айбат Сейтен таласатын болады.

Жалпы төл спортымыздан өткелі отырған додаға 40 мемлекеттен 167 балуан келеді деп күтілуде. Аталған балуанға 30 төреші қазылық етеді. Оның 9-ы шетелдік қазылар болмақ.

Айта кетейік, чемпионат 8 салмақ дәрежесі және абсолюттік дәреже бойынша өтеді. 27 қазанда спортшылардың салмақ өлшеу және жеребе тастау рәсімі өтсе, 28-29 қазан күндері «Барыс-Арена» сарайында жарыс өтеді.

Источник: khabar.kz


Пікір