Мемлекеттік хатшы ДДСҰ Еуропа бюросының өңірлік директорымен кездесті

18:14, 21 маусым 2017

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа бюросының өңірлік директоры Жужанна Якабпен кездесті.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Қазақстан мен ДДСҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту келешегі талқыланды. Г.Әбдіқалықова Ж.Якабты ДДСҰ-ның жаңа Бас директоры Тедрос Адханомның тағайындалуымен құттықтады.

Мемлекеттік хатшы қоғамдық денсаулық сақтау жүйелері мен қызметтерін нығайтуға бағытталған ДДСҰ-ның барлық бастамаларын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Гүлшара Әбдіқалықова еліміздің денсаулық сақтау, оның ішінде БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің өзекті мәселелерін шешуде ДДСҰ-мен бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді қатысып жатқандығына ерекше тоқталды.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда, оның ішінде ана мен бала денсаулығын қорғау, туберкулездің алдын алу және күресу, медициналық және фармацевтикалық білім беру және өзге де мәселелер бойынша БДСҰ-ның қолдау көрсеткенін атап айтты.

Әңгімелесу барысында ДДСҰ-ның Алматы қаласындағы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету офисінің географиялық шалғайда орналасқан қызметінің мәселелері қозғалды.

Сондай-ақ Г.Әбдіқалықова Қазақстанның Алматы қаласында көпжақты дипломатия бойынша БҰҰ Хабын құру туралы бастамасы төңірегінде айтты.

Өз кезегінде Ж.Якаб Қазақстан тарапына денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан саясаты үшін алғысын білдірді.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!