Латын қарпіне көшу мәселесі жан-жақты талқыланды

05:00, 10 қазан 2017

Ақордадағы бұл алқалы жиынның мәні мен маңызы зор.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті сала мамандарын қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге байланысты жалпыхалықтық талқылау нәтижесін қарауға жинады. Президент Латын графикасындағы әліпбидің бірыңғай стандартын  жасауда қыруар жұмыс істелгенін атап өтіп, өз ойын білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Латын қарпіне көшу – біздің қастерлі Тәуелсіздігіміздің жемісі. Жер бетінде мыңдаған ұлт болса, небәрі 200-ден астам ғана мемлекет бар. Саны бізден бірнеше есе көп болғанымен, туын тігер ұлтарақтай жері жоқ қаншама жұрт бар. Арғы-бергі тарихында қазақ ешқашан жазуын өз еркімен ауыстырған емес. Х ғасырдан бастап қолданыла бастаған араб әліпбиі ислам дінімен бірге келді. 1929 жылы латындандырылған жазуға, 1940 жылы кирилшеге Кеңестік биліктің пәрменімен көштік. Осылайша қазақтың әліпбиі тек саяси себептермен, сыртқы ықпалмен өзгеріп келді. Тек қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында тұңғыш рет өз еркімізбен төл жазуымызды өзгерту туралы шешім қабылдап отырмыз. Біз ешкім мәжбүрлемей, ешбір саяси қысымсыз, халқымыздың ішкі қажеттілігі үшін осындай тарихи таңдау жасадық. Бұл – біздің бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, қолы жетпеген арман. Біз осы асыл мұраттар сабақтастығын жалғап, бабалардың аңсарлы арманын орындаудамыз керек. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен менің назарымда болды. 11 жыл бұрын, 2006 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында бұл тек уақыттың еншісіндегі мәселе екенін айттым. 2012 жылы қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясында латын әліпбиіне көшудің нақты мерзімін белгіледім. Ал биылғы Менің мақалам жаңа сипатты қазақстандықтарды қалыптастырудағы кең ауқымды жұмыстарды бастап берді. Бағдарлама аясындағы жобалардың қай-қайсысы да еліміз үшін зор маңызға ие. Соның ішіндегі ең өзекті, тағдырлы жұмыстардың бірі – осы, латыншаға көшу. Біз латын әліпбиін аяқ астынан ойлап тауып, аспаннан ала салған жоқпыз. Менің тапсырмаммен білікті мамандар жылдар бойы онымен тұрақты айналысты.

Президент қазақ жазуының латын қарпіне көшірілуін жіті қадағалап отырғанын жеткізіп, бастама мұқият саралануы тиіс екендігін айтты. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру – бүгінгі қоғам талабы. Маңызы мен мазмұны зор бұл бастама бізді өркениетті елдердің қатарына қосылып, болашағымыздың баянды болуына бағыттайды. Мемлекеттік мазмұны терең мәселе әлеуметтік желіде де жан-жақты талқыланды.

Латын қаріпіне көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетпек. Бұл ретте Елбасы бастама рет-ретімен, біртіндеп жүзеге асатындығын жеткізді. Осы орайда тіл реформасы ешкімді алаңдатпауы керек. Елбасы 2050 жылға дейін бағдарламада басымдық берілгендей 2025 жылға дейін қазақ тілі түгел бұл әліпбиге көшуі тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Біз «Рухани жаңғыру» аясындағы маңызды жұмыстардың бірі ретінде мемлекеттік тілді реформалап, жаңғыртуды қолға алдық. Ұлы дала төріндегі Қазақ елінің мәңгілік тілі мен мәңгілік жазуын жасау – біздің пешенемізге жазылған зор бақыт және үлкен жауапкершілік. Бұл тарихи шешім еліміздің дамуына тағы бір зор серпіліс әкелетін бірегей қадам болмақ. Осыған байланысты бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Бірінші, жұмыс дұрыс бағытта жасалуда, ондағы негізгі ұстанымдарды қолдаймын. Көпшіліктің пікірімен санасып, тиісті қорытынды жасағандарыңыз дұрыс болған. Латын графикасындағы барлық жазуға ортақ әріп ретінде әбден қалыптасқан екі диграф қана (ch, sh) қолданылады. Қалған қазақтың төл дыбыстарын апострофпен береміз. Бұл әлемдік тәжірибеде бар, осы ұстаным бізді дұрыс бағытқа бастайды. Сіздер өзге елдердің де тәжірибесін қарап, сараптадыңыздар. Әліпбидегі қателіктердің салдарынан тілінің өзіне ғана тән дыбыстарынан айырылып қалған халықтар бар. Сондықтан біз әрбір әріпті таңдауда мұқият болуымыз керек. Екінші, мәселенің саяси сипат алып, елді дүрліктірмеуі барынша маңызды. Осы орайда ақпараттық түсіндіру жұмыстары ойдағыдай жүргізілді. Қай тілде сөйлейтініне қарамастан, бүкіл отандастарымызда қазақ тілін латын алфавитіне көшіру қажеттігі туралы ортақ түсіністік бар. Үшінші реформа өзге тілдердің дамуына және азаматтардың құқығына ешбір залалын тигізбейді.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!