ҚР Мемлекеттік хатшысы XIV Еуразиялық Медиа форумының жұмысына қатысты

11:50, 23 маусым 2017
321

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова XIV Еуразиялық Медиа форумының жұмысына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 

Форум жұмысына ЕАМФ ұйымдастыру комитетінің төрайымы, Парламенті Сенатының депутаты Д.Назарбаева, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы А.Есімов, Түрік Республикасының бұрынғы президенті А.Гюль, Еуропалық Комиссияның бұрынғы басшысы Ж.Мануэль Баррозу, АҚШ-тың бұрынғы энергетика министрі Б.Ричардсон, сонымен қатар өзге де қазақстандық және шетелдік танымал саяси және қоғам қайраткерлері, аналитиктер, әлемдік жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы форумды аша отырып, қатысушыларға Қазақстан Президентінің «Еуразиялық Медиа форум өзінің он бес жылдық қызметі барысында тек журналистер қауымдастығының ғана өзекті мәселелері емес, кең ауқымды жаһандық проблемалар да сындарлы түрде талқыланатын іс-шараға айналып, лайықты беделге ие болды» делінген құттықтау сөзін оқып берді.

Сондай-ақ, құттықтау сөзде әлемнің жаңа ақпараттық орта қалыптастыру кезеңіне көшкені, орнықты дамуды алдағы әлеуметтік және технологиялық өзгерістерге дайындықтың айқындайтыны атап өтілді. Форумның күн тәртібіне енгізілген «жасыл экономика» мәселелері технологиялық құрылымды өзгертудің басты бағыты ретінде Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесінің тақырыбымен үндеседі.

Іс-шараның күн тәртібіне дағдарыс дәуіріндегі тұрақтылық және әлемдік нарықта жаһандық көшбасшылыққа қарай жасалған қадамдар, Сирия дағдарысын шешу жолындағы саяси үдерістер, интеграцияның қозғаушы күші ретіндегі инвестиция, цифрлық революция кезеңіндегі қауіпсіздік стратегиясы сияқты мәселелер де енгізілді.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!