ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі халық алдында есеп берді

16:55, 21 маусым 2017

Жыл соңына дейін Қазақстанда ғаламтордағы «балаларға арналған пакет» қалыптасып енгізіледі.

Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі халық алдындағы есебі кезінде айтты. Бұл былтыр мамырда құрылған жас министрліктің ұйымдастырған алғашқы есебі. Оған елдің әр аймағынан, Алматы мен Астанадан мыңға жуық адам қатысып, толғандырған сұрақтарын қойды. Олардың дені әлеуметтік желілердегі ақпараттың таратылу тәртібі, жарнамалардың қазақ тілді баспаларда сирек жариялануы, ұялы байланыстың шалғай аудандарда нашар жұмыс істейтіні жайлы болды. Дәурен Абаевтың айтуынша, жыл соңына дейін министрлік сайтында «Ұялы байланыс сапасына халықтық бақылау» сервисін іске қосу жоспарланып отыр. Мұның арқасында ел тұрғындары ұялы байланыс жұмысында проблемалар болса, порталға жазып, шағымдана алады. Ал балалар үшін ғаламтордағы ақпаратты сүзгілеу мәселесі байланыс операторларымен бірлесе қолға алынған.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– Ғаламтордағы «Балаларға арналған пакеттің» ішіне білім беруге, дамытуға негізделген қауіпсіз сайттардың жиынтығы іріктеледі. Жоспар бойынша мұндай қызмет жыл соңына дейін қолжетімді болады.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!