Қазақстан Өзбекстанмен энергетика және су мәселелері бойынша келісімге келді

19:20, 18 қыркүйек 2017

Елбасының Өзбек еліне жасаған бұл жолғы мемлекеттік сапары да тарихта қалары сөзсіз.

Естеріңізде болса, сенбі күні Астана мен Ташкент арасында 10 құжат бекіген еді. Екі жақ сауда-экономика, мәдени-гуманитарлық салалардан бастап, тұтас аймақ үшін маңызды саналатын энергетика, су мәселелері бойынша келісімге келді. Соңғы бір жылда өзара сауда-саттық 1,5 млрд АҚШ долларын еңсерген. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Белгілі тарихшы Камал Бұрханов: «Осы жолғы келісімдер аталған мақсатты орындауға зор септігін тигізеді», – дейді.

Қамал Бұрханов, Саяси, әлеуметтік және тарихи зерттеулер институтының директоры :

-Сырдария Қырғызстаннан басталса, Өзбекстанға кіреді. Өзбекстаннан шығады да, Тәжікстанға барады. Тәжікстаннан шығып, Өзбекстанға барады, содан кейін бізге келеді. Сондықтан ол – мәселе. Су бір, өзен бір. Біреуге аз, біреуге көп керек. Осы төңіректе үлкен шешім қабылданды. Су мәселесін, транзитті, адам қарым-қатынасын да ортақтасып шешейік. Халыққа да, мемлекетке де, экономикамыздың дамуына да бұл сапардың әсері үлкен деп ойлаймын.

Саят Жөкенұлы, халықаралық шолушы:

-Өзбекстан мен Қазақстан арасында сауда-экономикалық байланыс жылдан жылға артып келеді. Мәселен 35%-ға артты деп айтылып жатыр. Бұл да өте маңызды мәселе. Себебі Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы байланыс үлкен нарық қалыптастыра алады. Адам саны жағынан да, ішкі алыс-беріс жағынан да қазақ-өзбек қатынасы әлі дамиды деп ойлаймын.

Леся Қаратаева, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:

-Мемлекет басшылары қол жеткізген көрсеткіштер екі елдің әлеуетін толық қамтымайды деп атап өтті. Нәтижесінде екіжақты қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияға сауда-экономикалық әлеуетті арттыру жүктелді. Бұл шекарадағы жіберу пунктерінің жұмысын жетілдіру және жаңа көлік дәліздерін құру барысында жүзеге асады. Мемлекет басшыларының кездесуінде аса мән берілген тағы бір мәселе – су қауіпсіздігі. Су ресурстары аймақтағы елдердің байлығы саналады. Тараптар: «Суға қатысты мәселелер ортақ келісім аясында шешілуі тиіс», – деп атап өтті.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!