Елорда кезекті рет Сирия шиеленісін реттеуге арналған келіссөз алаңына айналды

19:02, 16 ақпан 2017

Астана процесіне бұл жолы Шам елінен 9 оппозициялық топтың өкілдері арнайы келді. 

БҰҰ мен үш кепіл елден бөлек ымыра табуға алғаш рет Иордания тарапы ынта білдірді. Қазір келіссөздер барысын жіті бақылаған әріптесіміз Жұрағат Баман бізбен тікелей қосылды. 

Жұрағат, кездесудің жабық өтіп жатқанынан құлағдармыз. Десек те, анықтай алған тың мәліметтерің болар. Біз сені мұқият тыңдап отырмыз. 

Жұрағат Баман, тілші: 

-Негізі Астана процесіне қатысушы елдердің делегациясы кеше келген. Ал «Джейш аль-Ислам» тобының өкілі Муxаммад Алуш бастаған оппозиция делегациясы бүгін таңертең келген. 9 өкілдері қатысты келіссөзге. Сириядағы қақтығыстарды саяси деңгейде мәмілеге келе отырып реттеу мәселесінде Астана процесінің рөлі өте зор. Себебі алдағы Женева процесіне қатысушылар оппозициямен оқ ату режимін тоқтату секілді бірқатар келісімдерді бекітіп алмаққа тағы тырысты. Тыныштық уақытының ережелерін де белгілемек. Жиын жабық есік жағдайында өтіп жатса да, тілшілерге қолжетімді ақпармен отандық Сыртқы істер министрлігі өкілдері байланысып отырды. Айтуларынша, Астанадағы келіссөздер бүгіндікпен тәмамдалады. Сирияда бейбітшілік орнатуға қатысты келесі Женевадағы процес осы ақпан айының 23-де болады. 

Айдарбек Тұматов, ҚР Сыртқы істер министрлігі департаментінің директоры:  

-Бірінші раунд кезінде осы жерде оппозициялық топтар қатысты. Соған қатысқандар бүгін де қатысады. Жаңадан топтан әлі ешкім келген жоқ. Ең алдымен мен айтқан Мұхамад Аллуш басқарады. Ал енді нәтижелерін күтеміз.

Айтпақшы, бүгін алғаш рет Иордания елінің делегаттары қатысты. Ол топта елдің Сыртқы істер министрлігі өкілдері болды. 

Жалпы Иордания сириялық мәселенің шешілуіне басты үмітті мемлекеттердің бірі. Себебі «Джавxат аль-Нусра» және «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымы секілді топтар осы елмен шекара маңын қоршап алған. Яғни Иордания шекара қауіпсіздігіне алаңдаулы. 

Хусейн Муртада, Сириялық делегацияның БАҚ өкілі:

-Оқ атпау режимі орнаған елді мекендер негізінен Палестина, Иордания және Сирия елдерінің шекаралары маңында орналасқан. Ол аймақты Алькаида, «Ирак және Левант «лаңкестік ұйымы мен «Джабхат аль-Нусра» секілді 9 оппозициялық топ басқарады. Қазір олар оқ атпау туралы өзара келісімге қол қойған. Ендігі мақсат – сол режим орнайтын елді мекендер санын және аумағын кенейту.

Негізі басқосуда оқ ату режимін тоқтату барысын қадағалайтын жедел топ құру мәселесі талқыланды. Және қорытынды коммуникенің мәтіні қаралды. 

Сондай-ақ Сириядағы кейбір елді мекендерді оқ атудан ада аймақтарға енгізу мәселесі де сөз болды. Әсіресе соңғысы Астана процесінің бір жетістігі деуге болады. Себебі барынша көп елді мекенді оқ ату аймағынан шығару көптеген адам өмірін аман алып қалып, қақтығыстардың біртіндеп бәсеңдеуіне сеп болары сөзсіз.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!