Елбасы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі Достық үйі ғимаратын аралады

12:18, 18 қыркүйек 2017
1256

Киелі Әулиеата өңіріне жасаған сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінен бой көтерген Достық үйі ғимаратын аралап көрді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Жамбыл облыстық ҚХА өкілдерімен жүздесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Достық үйі облыстағы этнос өкілдерін бір ортаға біріктірген киелі шаңырақ болып саналады. Сәулетті ғимаратты салуға мемлекет қазынасынан 1 млрд 277 млн теңге бөлініп, мақсатты игерілді.

Бүгінгі таңда облыс ассамблеясының құрамында 175 қоғамдық келісім кеңесі, 27 аналар кеңесі, 12 медиация кабинеті, 12 ақсақалдар кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы, ғылыми-сараптамалық топ, қолөнер шеберлерінің клубы және «Ақ желкен» жастар лигасы жұмыс істейді. Сондай-ақ мұндағы 240 орындық мәжіліс залы, пікірлесуге арналған дөңгелек үстел алаңы, жүз адамға арналған конференц-зал, ғылыми-әдістемелік бөлмелер, хореографиялық зал өңірдегі игі шараларды өткізуде, Елбасы саясатын насихаттауда оң нәтиже көрсетіп отыр.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы этностық құрам өкілдерінен қазақ, орыс, дүнген, түрік, өзбек, күрд, әзербайжан, қырғыз, корей, татар, неміс, украин және тағы сол сияқты 73 этномәдени бірлестіктің басын біріктіріп, жұмыс атқаруда. Оның 26-сы – облыс орталығында, 47-сі аудандарда құрылған. Жалпы қазіргі таңда Жамбыл облысында 87 этнос өкілі өмір сүріп жатыр. Бәрі де Достық үйі шаңырағында Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне, дамуына үлес қосып келеді. Бейбітшілік пен келісім ордасының да негізгі мақсаты мен міндеті – ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың дархандығын, кеңпейілдігін дәріптеу, насихаттау.

Айта кетерлігі, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінен бой көтерген Достық үйі нысаны қолданысқа 2016 жылдың 10 қыркүйегінде берілген болатын.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!