Б.Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі

17:07, 14 тамыз 2017

Астанада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті, оның қорытындысы бойынша бірқатар көпжақты құжаттарға қол қойылды.

Отырыста Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаев, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі С.Жээнбеков, Армения Республикасының Премьер-Министрі К.Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі А.Кобяков, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Д.Медведев, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Т.Саркисян сөз сөйледі. 

Өз сөзінде Бақытжан Сағынтаев ЕуразЭҚ аясында, сондай-ақ үшінші елдермен саудадағы тауар айналымы өсімінің оң қарқынын атап өтті. Жұмыстың белгіленген қарқыны Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысымен байланысты аса өзекті мәселелерді қарауға және оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар одан әрі дамыту үшін ЕуразЭҚ ішкі нарығында кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жалғасады. ЕҮАК-ге мүше елдер 60-тан астам кедергілерді жою бойынша жол карталарын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. 

Бұдан өзге қазақстандық тарап көтерген мәселелердің ішінде ортақ қаржы нарығын қалыптастыру Тұжырымдамасының жобасын талқылау, кеме қатынасы туралы, үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі мен шарттары туралы келісімшарттарды қабылдау, сондай-ақ еңбек ресурстарының ортақ нарығын құру мәселелері болды. 

Оған қоса өнеркәсіп салаларын одан әрі дамыту, агроөнеркәсіп кешені және ғылыми әзірлемелерді коммерциялау салаларын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ экспорттаушының ЕуразЭҚ-қа мүше мемлекеттердің қайсысына жататынына қарамастан, теңіз порттарына шығуға тең құқықты қамтамасыз ету қажеттігі туралы ұсыныс жасалды. 

ЕҮАК отырысында бірқатар көпжақты құжаттарға, олардың ішінде келесілерге қол қойылды: 

Үкіметаралық кеңестің өкімдері: «2016 жылы ЕуразЭҚ-қа мүше мемлекеттердің бюджеттерінің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын есептеу және бөлу туралы», «ЕуразЭҚ ортақ электр энергетикалық нарығы аясында орталықтандырылған сауданы ұйымдастыру үшін сауда алаңдарын пайдаланудың және ЕуразЭҚ ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бойынша іс-шараларды қаржыландырудың кейбір мәселелері туралы», «Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысын өткізу уақыты және орны туралы». 

Үкіметаралық кеңестің тапсырмалары: «Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарын дайындау бойынша жұмыс барысы туралы», «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімшарт жобасы бойынша жұмыс барысы туралы», Жоғарғы Еуразиялық экономикалық одақтың «Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына байланысты кейбір мәселелер туралы» 2015 ж. 16 қазандағы № 22 шешімінің 4-тармағына сәйкес қалыптастырылған тәуекел бейімдері қолданылатын тауарларды кедендік декларациялау практикасына жүргізілген мониторинг туралы есептерді ұсыну туралы» және «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы Келісімшартының күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді өткізу туралы». 

Отырысқа қатысушылар ЕҮАК-нің кезекті отырысын а. ж. қазанда Ереванда (Армения) өткізу туралы ортақ шешім қабылдады. 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!