Бақытжан Сағынтаев Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сооронбай Жээнбековпен кездесті

18:28, 13 тамыз 2017

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сооронбай Жээнбековпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде техникалық көмек көрсету, теміржол тарифтерін сәйкестендіру, азаматтарға қойылатын көші-қон талаптарын жеңілдету мәселелері талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықтың 2017–2020 жылдарға арналған кешендік бағдарламасын әзірлеудегі елеулі ілгерілеуді атап өтті, ол таяу келешекке бағдарланған екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту мен нығайтудың жол картасына айналуы тиіс.

Бұдан өзге, Премьер-Министрлер екі тараптың қазақстандық-қырғыз мемлекеттік шекарасын межелеу бойынша шартқа қол қоюға әзірлік деңгейін бағалады.

Сонымен қатар екі елдің өңірлік ұйымдарда, соның ішінде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі аясында өзара іс-қимыл жасасуына қатысты тақырыптар қозғалды.

Оған қоса, Б. Сағынтаев пен С. Жээнбеков Астанада ЕХРО-2017 көрмесін және 31 тамыздың соңында өтетін Қырғызстанның ұлттық күнін өткізу барысын талқылады. 

Кездесудің соңында Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанды халықаралық көрмені қорытындылайтын Ғылым және технологиялар жөніндегі ИЫҰ саммитіне белсенді қатысуға шақырды.

Анықтама:

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сыртқы сауда айналымы 2017 жылғы қаңтар-мамыр айларында 272,3 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38,4%-ға жоғары.

Қазақстаннан Қырғызстанға экспорт көлемі 2017 жылғы қаңтар-мамыр айларында 38%-дан астам өсіп, 180,6 млн долларды құрады.

2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда қырғыз қатысуымен 1 287 заңды тұлға, бөлімшелер мен өкілдіктер тіркелген.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!