Астана процесі: Келіссөздерінің басталуына үш күн қалды

20:36, 20 қаңтар 2017

Астана келіссөздерінің басталуына тура үш күн қалды. Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігі басқосу өтетін орынды нақтылап, жиынның форматы мен хаттамасын бекітіп жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, салмақты жиын алдындағы соңғы дайындық пысықталуда. 

2015 жылдың мамыр айы. Сирия мәселесіне қатысты алғашқы астаналық процесс өтті. Араға бірер уақыт салып, тағы бір осындай шараны ұйымдастырдық.

Қос жиын түйткілді түгел тарқатпаса да, кейбір қарама-қайшылықтың басын ашты. 

Георгий Дубовцев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері 

-Әрине, азадаған жетістіктер бар. Бірақ ең маңыздысы ондағы саяси және діни басшылар мәселелерді қақтығыс арқылы шешуден бас тартуы керек. Келіссөздерге тек кейбір оппозиция өкілдері келісті. Қалғандары әлі де болса ымыраласуға құлықты емес.    

Кезекті астаналық процесс алдағы дүйсенбі, яғни қаңтардың 23-і деп белгіленіп отыр. Сәтін салса, оған ресми Сирия билігі мен оппозиция өкілдері, сондай-ақ үш негізгі ойыншы – Ресей, Түркия мен Иран қатысады деп күтілуде.

Ерлан Қарин, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры 

-80 елден 40 мыңға жуық содырлар соғысып жүр. Сексен мемлекеттен. Сирия әртүрлі сыртқы күштердің бақылауымен белгілі-бір ықпал ету зоналарына бөлінуі мүмкін. Кем дегенде осындай 4-5 зонаға бөлінуі мүмкін. 

Мамандар: «Қазір Сирияның басым аумағында оқ атпау режимі орнатылған. Енді сол тәртіпті ұзартып, тараптарды ымыраға келтіру – басты мақсат. Тек содан кейін Сирияның ішкі мәселесін реттеуге жол ашылады», – дейді.   

Ердәулет Байдуллаев, тілші

-Астаналық процестен тілшілер қауымы да үлкен үміт күтуде. Тіпті шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 300 өкілі келмекші. Олар үшін қазір баспасөз орталығы әзірленуде. Кездесу әдеттегідей жабық жағдайда өтеді. Ал осы жерде жиынның тікелей трансляциясын көруге мүмкіндік бар. Дәл осы арадан келіссөздер кезіндегі мәмілелер күллі әлемге тарайды. 

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Ернар Сайлаубаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!