Жылдың соңына дейін Байқоңырда 250 пәтерге арналған 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады

17:29, 15 қараша 2018
917

Байқоңыр қаласы мен іргелес Төретам мен Ақай елді мекендерін дамытуға арналған бас жоспарға сәйкес тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз жұмыс істеуі мен қаланың перспективалық дамуы мақсатында бірқатар шаралар қабылданды, деп хабарлайды Қызылорда облысы бойынша Zakon.kz тілшісі.

2017 жылы газдандырудың бірінші кезеңі аяқталып, қазақстандық әлеуметтік нысандардың барлығы табиғи газға қосылды. Өз кезегінде қала әкімшілігі тұрғын үйлерді кезең-кезеңмен газға қосуда. Желтоқсан айында "Байқоңыр" кешенін газдандыру туралы үкіметаралық келісімге қол қою жоспарланып отыр. Қол қойылғаннан кейін қаланың басқа да тұтынушылары, оның ішінде коммерциялық нысандар газға қосылатын болады. Газдың бағасы облыс аумағындағы бағамен бірдей болады.

Қайта жаңғыртуға жататын су және кәріз жүйесі жалға беруден алынып облыстың коммуналдық меншігіне беріледі. Аталған жұмыстардың техникалық-экономикалық негіздемесі 17 млрд теңгені құрайды.

Кеңес одағы тараған уақыттан бастап тұңғыш рет қалада тұрғын үй құрылысы жүргізіле бастады. Үстіміздегі жылдың соңына дейін "жұлдызды қалашықта" 250 пәтерге арналған 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. "7-20-25" бағдарламасы бойынша, оның ішінде коммерциялық бағыттағы үйлер құрылысы жалғасын табады.

Облыстық медицина орталығының филиалы ашылуына байланысты медициналық қызмет көрсетудің сапасы жақсара түсуде. 2019 жылы операциялық блокпен 30 төсекке арналған хирургия бөлімшесін ашу жоспарланып отыр.

Қазақстандық мектептердің барлығы инновациялық интерактивті физика, химия, биология кабинеттерімен және роботтехникасымен жабдықталған. Орыс тілінде оқытылатын балабақшалар мен мектептерді қазақстандық білім беру мен тәрбиелеу стандарттарына көшіруге дайындық жүргізілуде.

"Байқоңыр" кешеніне туристерді тарту бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Бірқатар турфирмалар тіркеліп, оларды ғарыш айлағына жіберу тәртібі жеңілдетілуде. Ғарышқа ұшатын жердегі бақылау пункттері жарақтандырылуда. Қонақүйлерін халықаралық стандартқа бейімдеп, 1961 жылдың 12 сәуірінде Ю.Гагарин ұшқан жерге қонақүй салу жоспарлануда.

"Байқоңыр" туристік аймағының құрылысы Қазақстанның ТОП-10 туристік бағдарламасына енгізіліп отыр.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!