Жаздың алғашқы екі айы салқын болады – Қазгидромет

14:16, 19 наурыз 2018
577

Жаздың алғашқы екі айы салқын болады әрі жаңбыр көп жауады деген болжам бар. Бұл жөнінде бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Қазгидромет» РМК Ұзақ мерзімге ауа райын болжау басқармасының басшысы Гүлмира Ақышева мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Ауа райын ұзақ мерзімге болжау бойынша, алдағы мамыр айы жылы және жауын-шашынды болады деп күтіп отырмыз. Еліміздің оңтүстік-батыс, орталық және оңтүстік өңірлерінде жауатын жауын-шашынның мөлшері нормадан аз деп күтілуде. Ал жаз мезгіліне келетін болсақ, онда жаздың алғашқы екі айы салқын болады әрі жаңбыр көп жауады деген болжам бар. Еліміздің батыс пен оңтүстігінде жаңбыр нормадан аз жауады. Тамыз айына келетін болсақ, еліміздің батыс өңірінде ыстық күн райы күтілуде. Ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1-2 градус жоғары болады және жаңбыр аз жауады деген болжам бар. Ал күз айында қоңыр күздің қолайлы жылы күндеріне бөленеміз. Ауа райын ұзақ мерзімге болжамын әзірлеу кезінде біз міндетті түрде статистика әдісін қолданамыз», - деді Ақышева.

Оның айтуынша, басқарма Дүниежүзілік метео ұйымның құрамына кіретін, озық технологиялар мен есептеуіш супер компьютерлермен жабдықталған әлемнің 13 жетекші метео орталықтары әзірлейтін жаһандық маусымдық болжамдарына сүйенеді.

«Сондай-ақ, Мәскеу қаласында орналасқан өңірлік Солтүстік Еуразиялық климаттық метеорталықтардың болжамдарына да сүйенеміз. Бірақ, дегенмен осындай озық заманауи модульдермен жасалған маусымдық болжамдардың ақталуы қарапайым. Өйткені, ауа райы болжамының ұзақтығы ұлғайған сайын ағаттық кетуі де соғұрлым жоғары. Неге десеңіз, бұл атмосфераның ретсіз табиғатына байланысты, сонымен қатар, ауа ағымдары үнемі қозғалыста болғандықтан, соңғы көрсеткіштерге әсер ететін көптеген фактор бар. Сондықтан, ұсынылып отырған маусымдық болжамдарымызды консультативтік болжам ретінде пайдаланғандарыңыз абзал. Бұл өз ретінде айлық, онкүндік және қысқа мерзімдік болжамдармен нақтыланады», - деді басқарма басшысы.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!