Жазда уақытты қауіпсіз өткізудің жолы қандай – мамандар кеңесі

11:35, 23 мамыр 2022

© Сурет: pxhere

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық комитетінің мамандары жазғы демалысты қауіпсіз өткізуге байланысты кеңестер ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Күнге қыздырынып, табиғат аясына шығып, серуендеу, балмұздақ алып, су айдындарына шомылу маусымын көбі асыға күтеді. Комитет мамандарының айтуынша, жазды қауіпсіз өткізудің жолдарын, сақтық шараларын да ұмытпаған жөн.

Орманға, саябаққа шығып, қалалық шуылдан бір сәт демалып, табиғатпен үндесіп, күш пен шабыт жинай аласыз. Алайда кенеден келетін кеселді де ұмытпаған дұрыс. Бұл жәндіктер түрлі инфекциялық аурулар – кене энцефалиті мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының тасымалдаушылары. Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Түркістан облысы тұрғынынан аса қауіпті саналатын КҚГҚ ауруы анықталды. Қазір науқастың жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр, – деп хабарлады комитеттегілер.

Кенеден сақтану үшін қандай шаралар орындау қажет?

  • Киім біртекті ақшыл түстес болғаны дұрыс, себебі ондай киімнен кененің бар-жоқтығын байқау оңай.

  • Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу керек. Бұл эстетикалық тұрғыдан әдемі көрінбесі анық, есесіне дененің біраз бөлігі жабық, қауіпсіздікте болады.

  • Бас киім кию. Біріншіден, күннің өтіп кетуінен қорғайды, екіншіден, мойын мен шекені кене шағудан сақтайды. Өзіңізді, достарыңыз бен бірге ертіп жүрген жануарлардың үстін жиі тексеріп отырыңыз.

  • Үйге келгеннен кейін де өзіңізді бастан-аяқ тексеріп шығыңыз. Табиғат аясына киіп шыққан киіміңізді міндетті түрде тазалап алыңыз.

  • Егер денеңізден кене тауып алсаңыз, үрейге бой алдырмаңыз! Тез арада мұқият денеден алып тастаңыз. Май құюдың қажеті жоқ. Ең дұрысы пинцетті немесе дәріханадан кенені алып тастауға анналған құралды пайдаланыңыз.

  • Егер энцефалит немесе боррелиоз аурушаңдығы белсенді таралған аймақтан оралсаңыз, кенені сараптауға өткізіңіз. Тез арада вакцина қабылдау үшін медицина мекемесіне жүгініңіз.

Келесі қауіп – ішек инфекциялары

  • Жаз мезгілінде күннің жылынуына байланысты тағамнан улану деректері жиілей түседі. Медициналық статистикаға жүгінсек, аурушаңдық көрсеткіші 40 және одан да жоғары көрсеткішке арта түседі. Аптап ыстықта тез бұзылатын тағамдарды сатып алмаңыз: ірімшік, сүтқышқылды өнімдер, бәліштер, балық, суши, құйылмалы балмұздақ және майонезі бар салаттар.

  • Тағамдарды сақтау талаптары орындалмайтын, күмән келтіретін жазғы тамақтану орындарынан ауқат сатып алудың да өз қаупі бар. Есіңізде болсын, сатып алатын өнімнің құжатын сұрауға толық құқылысыз.

  • Бірқатар өнім күн ыстықта өз балғындығын жоғалтып, керісінше денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе, мұны кәуапқа етті маринадтау кезінде ескеру керек. Жеміс-жидектерді мұқият жуу керек. Егер зиянсыз саңырауқұлақтарды таңдауда тәжірибеңіз болмаса тәуекелге бармағаныңыз дұрыс.

Егер тағамнан уланып қалсаңыз

  • 5-7 литр көлемінде су ішіп, асқазанды жуу керек. Кейін сорбент қабылдауға болады.

  • Тынығу

  • 2-3 сағат көлемінде тамақтанбау. Тек сұйық ішуге кеңес беріледі.

  • Дене қызуын бақылауда ұстау.

  • Қажет болған жағдайда дәрігер көмегіне жүгіну.

Коронавирус инфекциясынан да сақ болыңыз!

Бүгінде бұл инфекция бойынша елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен босаңсуға негіз жоқ, себебі вирус әлі де бар және мутациялануы тоқтаған жоқ. Бір апта бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың «Стелс-Омикрон» түрінің барлық өңірде бар екенін мәлімдеген еді.

«Сәуір-мамыр айларында жүргізілген ПТР скринингтің қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясы штамдарының түрлі нұсқаларының айналымы анықталды. Барлық аймақта омикронның BA.1 штамы анықталды – 98,6 %, оның ішінде 12 өңірде "Стелс-Омикрон" BA.2 анықталды - 36,7%. Сонымен бірге B. 1.617-like Delta штамм айналымы жалғасып жатыр және зерттелген сынамалар саны 1,4% болды», - делінген хабарламада.

Өзіңізді және жақындарыңызды коронавирус иняекциясынан қорғаудың жалғыз жолы – уақытылы жасалған вирусқа қарсы вакцинация, ревакцинация. Демалыс - бұл керемет уақыт, ең бастысы күш-жігерді қалпына келтіру үшін қажет. Сондықтан оны қауіпсіз өткізу керек. Өзіңізді қорғаңыз! – деп кеңес берді мамандар

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!