Жаңатас- орындалған армандар қаласы

12:12, 17 қыркүйек 2019

Бәсекеге қабілетті дамыған өркениетті озат елдің қатарына ену жолындағы моноқалаларды өркендету, шағын және орта бизнесті дамыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. 1969 жылы қала статусын алған Жаңатас қаласы бүгінде керегесін кеңінен жайып, жыл өткен сайын жасарып, шаңырағын биікке көтеруде.

Қазыналы аймақтың қазіргі келбеті көз тояттарлық. Тазарған көшелері мен әсем ғимараттары көңіл сүйсінтсе, қоныс той тойлатқан жап-жаңа көпқабатты үйлер саны артып Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың дара саясатының тайқазанында қайнаған Жаңатастың болашағы бұданда жарқын болмақ. Іргетасының қаланғанына 50 жыл толып отырған қаланың дамуы қарқынды. Аудан әкімі Қ.Мәдібек "ақылды қала" бағытында іргелі істер атқаруда.

Өткен ғасырдың тарих еншісіндегі алпысыншы жылдар басында қазыналы Қаратаудың қойнауындағы бүгінгі Жаңатас қаласының іргетасы қаланған. Поселка ретінде 1964 жылы бой көтеріп, 1969 жылдың 25-маусымы күні Жаңатас қаласы болып құрылған.

Қойнауы қазыналы, жері шырайлы бұл өлкеде содан бері қаншама өзгерістер, қиын-қыстау күндер мен алға жылжу, қайта жаңғыру кезеңдері өтіп, бүгінде қала қайта өз көркін аша түсті. Жасампаз ұрпақ қалыптасып, жаңатас қаласы кеншілер қаласы болып тарихта қалды.

Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы өңірлерімізді дамытуға ерекше серпін берді. "Қуатты Қазақстан дегеніміз – ең әуелі өңірлердің қуаттылығы" деп, Елбасы атап өткендей, еліміздің өсіп-өркендеуі шағын қалалардың көркеюімен тығыз байланысты.

Бүгінгі Жаңатас қаласы өзге де шағын қалалар тәрізді әртүрлі қиыншылықты көрді. 1993 жылдан кейін қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері күрт төмендеп, өндіріс көлемі азайып, жұртшылықтың қаладағы жаппай көшуі басталған болатын. Өткен кезеңде сиқы қашқан қаланы қайта қалпына келтіру оңай болған жоқ. Үкімет тарапынан қолдаулар көрсетіліп, қала тұрғындары жаңатасты оңалтып, қайта гүлдендіруге бар күштерін салуда. Қалада әлі талай жұмыстар атқарылуы керек. Ол бойынша жоспарлар да аз емес.

Ал, енді бүгін қаладағы қираған үйлер қалпына келтіріліп, өндіріс орындары іске қосылды. Сонымен қатар, "Еврохим - тыңайтқыш" сынды алпауыт өндіріс орны ашылып, халықтың жағдайы жақсара түсті.

Жаңа балабақшалар салынып, мектептер жөндеуден өтті. Көшелер жөнделіп, ауыз су, газ мәслелері қолға алынып, нәтиже бере бастады. Қаланың көркі көз тоярлықтай болып келеді. Қаланы абаттандыру, көріктендіру және санитарлық-тазалық жұмыстарын өткізу іс-шара жоспары бекітіліп, тазалық жұмыстары жиі ұйымдастырылып келеді. Жалпы өмір сүріп отырған ортамыздың, қаламыздың әдемі әрі таза болып тұрғанына не жетсін? Оны жасау, оған үлес қосу әрбір қала тұрғындарының міндеті десек артық айтқандық емес.

Биыл Жаңатас қаласының құрылғанына-50 жыл толып отыр. Осы мерекеге және еліміздің рухани жаңғыруы аясында, Жамбыл облысының 80 жылдық, жастар жылы мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде көлемді іс-шара өткізілді. Сахна тақырыпқа сай безендіріліп көздің жауын алады.

Ерекше көңіл- күймен басталған мерекеде аудан әкімі қанатбек мәдібек құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты шара барысында қаламыздың көркеюіне, гүлденуіне өз үлесін қосып жүрген азаматтарға құрметті азамат, мерекелік төсбелгі, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың құрмет грамотасы мен алғыс хаттары тапсырылды.

"Жаңатас қалай аталды" театрландырылған көрінісін "Сарысу" халық театрының орындауында көпшілікке тарту етілді.

Мерекелік салтанатқа келген қонақтардың жылы лебіздері тыңдалды.

Жастарымыз аға буынды құттықтау үшін көрермен залындағы орындықтар аралығына қаз-қатар тізіліп, салтанат сәнін аша түсті.

Марапат пен көрініс, алғыс пен сияпат барлық ізгілік орын алған шарада "классикалық әндер" топтамасы да орындалды.

Өнер мектебінің ансамблі, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауындағы әндер мен күйлер, билер көп көңілінен шықты.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!