Жаңа ғылыми еңбектер жарық көрді

11:17, 24 қараша 2017

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Саясаттану» және «Қайшылықты кезең қайраткері» атты жаңа ғылыми еңбектер жарық көрді, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі.

Кітап авторы – саяси ғылымдарының докторы Бибігүл Иманбекова. Аталған кітаптар автордың көпжылдық ғылыми және оқу-әдістемелік тәжірибесінің нәтижесі. «Саясаттану» атты оқу құралында саясаттанудың негізгі ұғымдары, парадигмалары мен теориялық қағидалары және әдістері берілген. Автор студенттерге қажетті деген мәліметтерді толығынан қамтуға тырыса отырып, саяси ұғымдар мен түсініктер дидактикалық-көркемделген материалдар түрінде берілген. Сонымен қатар, саясаттану пәнінің өзекті мәселелері әсіресе, саяси лидерлік және саяси элита, саяси шиеленіс, саяси процестер, сайлау жүйесі, саяси институттар сияқты ұғымдар ықшамдалып, нақты мағынасында жазылған.

– Бұл оқу құралының осы тарапта жазылған өзге еңбектерден ерекшелігі материалдар дидактикалық түрде берілген. Бұл өз кезегінде студенттердің тақырыптарды еске сақтауын және сабаққа дайындалуын жеңілдетеді. Оқулықтағы бірқатар ерекшеліктер білімгерлерге саясаттанудың құндылықтар жүйесін және оның категориялық аппаратын игеруге көп мүмкіндік берері сөзсіз. Оқылуы оңай, тілі жеңіл. Сондықтан да кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне ғана емес, саясаттану туралы жалпы түсінігін дамытқысы келетін көпшілік оқырман қауымға да арналады, – дейді Бибігүл Иманбекова.

Ал, автордың «Қайшылықты кезең қайраткері» атты монографиясында Қазақстандағы 1930-1937 жылдардағы саяси-әлеуметтік-экономикалық процестердің дамуы мен қалыптасуы қарастырылған. Осы уақыт мерзімінде қызмет атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Сырғабековтың саяси қызметі мен көзқарасы мұрағаттық құжаттар негізінде дәйектеліп, сол кезеңде орын алған жағдайлардың ұлт көшбасшылары қызметімен тығыз байланыстылығы көрсетілген.

– Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін қаншама қилы-қилы заманды өткерді. Төл тарихымыздың қойнауында жұтылып кеткен жылдарды үнемі еске алып, «ақтаңдақтарды» жарыққа шығару арқылы елдегі саяси тұрақтылықтың қадірін түсіндіру басты мақсат, бүгінде. Өткен ғасырдың 30-жылдары «халық жауы» ретінде жазықсыз атылып, сталиндік репрессияның құрбандары егемендік алғаннан кейін ақталды. Қаймана қазағымен қайта қауышты. Бұл уақыт көшімен бірге ақиқаттың да астары ақтарылып, шындықтың беті ашылуы керек, – деп атап өтті кітап авторы.

Фото: nextfuture.aurosociety.org

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!