Жамбыл облысының әкімі инвесторлармен кездесті

13:21, 19 қазан 2019

Жамбыл облысының облыс әкімі Асқар Мырзахметов голландиялық Farm Frites компаниясының жобалық директоры Йос Ден Бур мен "QAZAQ SODA LLP" компаниясының директоры Исмайл Жейланды қабылдады. Кездесу барысында тараптар өңірде жүзеге асырылғалы отырған инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы мен болашағы жайында сөз қозғап, мәселелерді бірлесе шешу жайын ортаға салды.

Алғаш болып облыс әкімінің қабылдауында болған Йос Ден Бур жетекшілік ететін Farm Frites компаниясы «Тараз» химиялық паркі еркін экономикалық аймағынан картоп фриін шығаратын зауыттың құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр.

–Біздің жобамызға «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы қызығушылық танытып, «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағында жұмыс жасауды ұсынды. Біз бұл ұсынысты қабылдап, еркін экономикалық аймақтың мүмкіндігін зерделедік. 2022 жылы алғашқы картоп фриін нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Өндіріс орнының қуаттылығы жылына 70 мың тоннаны құрайды, –дейді Farm Frites компаниясының жобалық директоры Йос Ден Бур.

Компанияның өндіріске қатысты жоспарымен танысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің зауытты шикізатпен қамтудағы жоғары әлеуетін ескеруді айтты. Мәселен ағымдағы жылы облыста 10 мың гектар алқапқа картоп егілген. Өңір шаруалары картап алқабын сұранысқа байланысты ұлғайтуға ниетті. Сондықтан да облыс әкімі бұл жобаның болашағына сеніммен қарайтынын айтып оны қолдауға дайын екенін айтты. Өңір басшысы кездесуде голландиялық компания өкілдеріне картоп фриі зауытына қажетті кадрларды дайындаудың мүмкіндіктері де қарастырылатынын жеткізді.

Өз кезегінде Farm Frites компаниясының жобалық директоры Йос Ден Бур облыс әкіміне нәтижелі кездесу үшін ризашылығын білдірді.

Мұнан соң облыс әкімі Асқар Мырзахметов түркиялық «QAZAQ SODA LLP» компаниясының директоры Исмайл Жейланды қабылдады. Кездесу барысында тараптар Сарысу ауданында қолға алынған кальцийлендірілген сода өндірісі бойынша жұмыс жасайтын өндіріс ошағын ашу мүмкіндіктерін талқылады.

Жобаның алғашқы кезеңінде компания 400 тонна өнім өндіруге қабілетті. Ал өндіріс ошағы ашылған сәтте мұнда жұмыс жасаушылардың 95 пайызын Сарысу аудандарының тұрғындарынан тұрады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!