Жамбыл облысының әкімдігінде жаңа жобаның әдістемесі қаралды

19:20, 11 қараша 2019

Жамбылда облыс тұрғындарының табысын арттыру жобасымен қатар қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жобасы да қолға алынды. Аталған жобаның жұмысшы тобының кезекті отырысында оны іске асырудың әдістемесі қаралды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен жиынға салалық басқарма басшылары, коммерциялық ұйым жетекшілері, кәсіпкерлер және сарапшы-ғалымдардан тұратын жұмысшы топ мүшелері қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өз кезегінде облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев қайта өңдеу өнеркәсібін ілгерілету жобасын іске асырудың алғышарттарымен таныстырды. Бұл орайда жұмыс ең әуелі кәсіпкерлік нысандардың әлеуетін саралаудан басталмақ. Сондықтан да аймақтардағы барлық кәсіпкерлерден сауалнамалар алынады. Сол сауалнама арқылы жергілікті билік өңірдің бизнес секторындағы нақты мәселелермен танысуға мүмкіндік алмақ.

Сәйкесінше жеке кәсіпкерлер жобаны жүзеге асыруға қатысты ойларын ортаға салып, бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Атап айтқанда кәсіпкерлер өңдеуші кәсіпорындарға қажетті кадрлардың тапшылығы, өнімді өткізудің қиындығы, жергілікті тауар өндірушілерді бюджеттік тапсырысты орындаушылар қатарына кіре алмай отырғандығы сынды мәселелер көтерді. Жиында кәсіпкерлер арасында сауда-экономикалық байланыстың өз деңгейінде жолға қойылмауы мәселесі де сөз болды. Салдарынан кейбір кәсіпорындар өздеріне қажетті шикізатты республиканың өзге өңірінен тасымалдауға мәжбүр. Ал тауардың дәл осы түрін өндіретін жергілікті кәсіпорынның шаруасы тұтынушы болмай тұралап тұр. Жұмысшы топ мүшелері осы секілді түйткілдердің түйінін тарқатуда кәсіпкерлерге арналған ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет деген де ой айтты. Сондай-ақ қайта өңдеу өнеркәсібіне ыңғайлы бос тұрған ғимаратты жергілікті әкімдіктің меншігіне қайтарудың талаптарына қатысты Қазақстан Республикасы Үкіметіне арнайы ұсыныс та әзірленетін болды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов жобаны келер жылдың бюджетінен қаржыландыруы керектігін айтып, тиісті жұмысты өз уақытысында қолға алуды тапсырды. Жобаның келесі кезеңінде жұмысшы топ мүшелері аудандарды аралап, ондағы кәсіпкерлік саласының қажеттілігін мұқият зерделейтін болады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!